Қазақстанда ішкі туризм қарқынды дамып келеді. 2025 жылы курорттық аймақтарда 4,9 млн адам демалған. Келушілер саны мен көрсетілген қызмет көлемі бойынша Алматы тау кластері көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстау облысының курорттық бағыттары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТУРИСТЕР 5 ЖЫЛДА ҮШ ЕСЕ ӨСКЕН
EnergyProm зерттеуінше, соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризм белсенді дамып келеді. Саладағы негізгі көрсеткіштер қарқынды өсіп жатыр. Дамудың басты қозғаушы күші – курорттық аймақтар. Олар ішкі және сыртқы туристер ағынының негізгі бөлігін қалыптастырып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдегі орналастыру орындары қызмет көрсеткен келушілердің жартысына жуығы дәл осы курорттық аймақтарға тиесілі болды.
2025 жылы Қазақстанның курорттық аймақтарында 4,9 млн адамға қызмет көрсетілді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 11,6%-ға көп. Соңғы бес жылда келушілер саны шамамен үш есеге артқан.
АЛМАТЫҒА ҚАНША ТУРИСТ КЕЛДІ?
Келушілер саны бойынша абсолютті көшбасшы – Алматы тау кластері. 2025 жылдың қорытындысында бұл аймақтағы курорттар шамамен 3 млн адамға қызмет көрсетіп, елдегі курорттық аймақтарға келген туристердің 60%-дан астамын қамтыды. Бір жыл ішінде өсім 10%-ды құрады. Кластер құрамына «Шымбұлақ», «Ақ-Бұлақ», Pioneer және Oi-Qaragai сияқты негізгі нысандар кіреді. Мұнда жаңа жобалар іске қосылып, түрлі акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Oi-Qaragai төрт маусымдық курорты – соның айқын мысалы. 2025-2026 жылғы қысқы маусымда курортқа 365 мыңнан астам адам келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,9%-ға көп. Келушілердің басым бөлігі тек шаңғы тебу үшін емес, жалпы демалыс үшін келеді. Курортта Қазақстан азаматтарына арналған «Отан» тарифі (20% жеңілдік), «Жастар күндері» акциясы (3–22 жас аралығына 50% жеңілдік) және «Барлығы қамтылған» пакеттері енгізілген.
БУРАБАЙ НЕСІМЕН ҚЫЗЫҚ?
Екінші орында – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы: 463,1 мың келуші. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,6%-ға көп. Аталған аймаққа Бурабай кенті мен Щучинск қаласы кіреді. Негізгі демалыс орындары Бурабай, Щучье және Үлкен Шабақты көлдерінің маңында орналасқан. Аймақ қарағайлы орманы, емдік климаты, минералды сулары мен балшықпен емдеу мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар Оқжетпес тауы мен Көкшетаудағы Көк шығанағы сияқты табиғи нысандар туристерді тартады.
МАҢҒЫСТАУҒА КЕЛУШІЛЕР АЗАЙҒАН
Үшінші орында – Маңғыстау облысы курорттық аймағы: 370 мың келуші. Алайда бір жыл ішінде көрсеткіш 9,5%-ға төмендеген. Өңірдегі негізгі демалыс бағыттарына Ақтау қаласы, Кендірлі курорттық аймағы және Форт-Шевченко қаласы жатады. Бұл аймақ жағажай туризмімен, тыныш демалыс мүмкіндігімен және тарихи орындарымен ерекшеленеді.
Үздік бестікке Балқаш көлінің маңындағы курорттық аймақ (182,9 мың келуші) және Жетісу облысындағы Алакөл курорттық аймағы (149,2 мың келуші) енді.
Ал қызмет көлемі бойынша рейтингте де осы бағыттар көш бастап тұр. Бірінші орында – Алматы тау кластері: шамамен 122 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 61,4%-ы. Одан кейін Щучинск-Бурабай курорттық аймағы(29,2 млрд теңге) және Маңғыстау курорттық аймағы (19,6 млрд теңге) орналасқан. Үздік бестікке Жетісу облысындағы Алакөл курорттық аймағы мен Түркістан туристік аймағы да кірді.