Шатырынан су сорғалаған әуежай: басшылардан кім жазаланғаны белгілі болды

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Азаматтық авиация комитеті Алматы әуежайын әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көлік министрлігінің түсіндірмесі

Көлік министрлігінің мәліметінше, әуежай әкімшілігі мен құқық қорғау органдарының қатысуымен жедел кеңес өткізілген. Компания ішінде де тиісті шаралар қабылданып, әуежай басшысы техникалық мәселелер жөніндегі аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданған.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес Азаматтық авиация комитеті әуежайды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ әуежай басшысы техникалық мәселелерге жауапты аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, су басу себептерін толық жою және жөндеу жұмыстарын аяқтау алдағы алты ай ішінде жоспарланып отырғаны хабарланды.

Жаңбырдан кейінгі жағдай

Еске салайық, демалыс күні нөсер жауын кезінде терминалды су басқан. Шатырдан су өтіп, тексеру және паспорттық бақылау аймақтарына жайылған.

Әуежай өкілдері сол кезде төтенше жағдай салдарын шамамен жарты сағат ішінде жойғанын және бұл жағдай рейстердің орындалуына әсер етпегенін мәлімдеген. Қазір әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.