Қазақстанда әлеуметтік желілердегі «тез ақша табуды үйретеміз» деген курстарға сұраныс әлі де жоғары. Сарапшылар мұны адамдардың аңғалдығымен емес, адамның миына бұрыннан тән ерекшеліктермен байланыстырады. Яғни, алаяқтар адамның оңай табысқа қызығатынын, басқаларға еліктейтінін жақсы біліп, соны пайдаланады. Салдарынан көп адам тәуекелді ойламай, қаржылық қателікке ұрынып жатады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
Gazeta.ru басылымына берген сұхбатында психолог, доцент Елена Шпагинаның айтуынша, адам миы пайда туралы мысалдарды қауіп туралы ескертулерге қарағанда әлдеқайда күшті қабылдайды.
«Ми пайда туралы сигналдарды қауіп туралы ескертулерден күштірек өңдейді. Біз біреудің табысқа жеткенін көргенде, айна нейрондары іске қосылып, сол жағдайды өзіміз бастан өткендей сезінеміз. Өзгенің ұтысынан туындайтын эйфория кейде өзіміз ұтқандай әсер береді», – дейді психолог.
Оның сөзінше, шығынға ұшырау қаупі көбіне абстракт түрде қабылданады, себебі ол нақты тәжірибемен бекітілмеген. «Сондықтан ми бұрын “көріп, сезінген” жағымды сценарийді таңдайды», – деп түсіндіреді ол.
ТОПТЫҚ ИНСТИНКТ
Психологтың айтуынша, бұл жерде топтық инстинкт те маңызды рөл атқарады.
«Мыңдаған жыл бойы адамзат үшін топпен бірге қозғалу – тірі қалудың кепілі болды. Қазір бұл механизм “егер бәрі сатып алып жатса – демек, бұл дұрыс” деген түсінікке айналды», – дейді маман.
Оның айтуынша, чаттар мен әлеуметтік желілердегі «үлгеріп қалдым», «табыс таптым» деген пікірлер адамның санасында қауіпсіздік белгісі ретінде қабылданады.
«Мұндай кезде сыни ойлау әлсірейді, өйткені ми оны сенімді орта деп бағалайды», – дейді психолог.
Маман алаяқтардың тағы бір айласын «тірі қалғандардың қателігімен» байланыстырады.
«Мұндай курстар туралы көбіне тек табысқа жеткендер ғана жазады. Ал ақша жоғалтқандар үнсіз қалады немесе оларды бұғаттайды. Соның салдарынан адам шынайы емес, бұрмаланған көріністі көреді», – дейді психолог.
Оның айтуынша, ми «көрінбейтін құрбандарды» есепке алмайды. Адам тек көзге көрінетін табыс мысалдарына сүйенеді, ал нақты шығындар назардан тыс қалады.
ШЕШІМДІ ЭМОЦИЯСЫЗ ҚАБЫЛДАУ
Психологтың сөзінше, алаяқтар табыс тарихын әдейі егжей-тегжейлі етіп көрсетеді.
«Егер адам жай ғана “ақша таптым” десе, әсері әлсіз болады. Ал “14:30-да кірдім, 50 мың салдым, 200 мың пайда таптым” деген сияқты нақты сценарий миға өте сенімді көрінеді. Ми осы оқиғаны көз алдына елестетіп, өзін сол жағдайға қоя бастайды», – дейді маман.
Осылайша, адамда «бұл тәсілді қайталауға болады» деген жалған сенім қалыптасады. Психолог қаржылық шешімдерді эмоциямен қабылдамауға кеңес береді.
«Мұндай тұзаққа түспеудің жалғыз жолы – өзіңізге ереже қою: эмоцияға беріліп шешім қабылдамау. Әсіресе чаттар мен “табыс тарихы” толы арналарға сүйеніп әрекет етпеу керек», – дейді Елена Шпагина.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, бұдан бұрын заңгер Ержан Есімханов қоғамда резонанс тудырған ерлі-зайыпты Жанәбіловтер мен кәсіпкер Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты істер жөнінде пікір білдіріп, олардың әрекетін оңай олжаға ұмтылумен байланыстырды. Оның айтуынша, екі істі біріктіретін ортақ мәселе — стратегиялық ойлаудың жетіспеуі.
Маман жастарға жедел пайда қуалаудан бас тартып, абырой мен тұрақты даму жолына назар аударуға кеңес берді.
«Асықпаңыздар. Ақша мен қымбат көлікке жүгірмеңіздер. Қолдағыны бірден ақшаға айналдыруға тырыспаңыздар. Ұзақ мерзімге жұмыс істеңіздер, абыройға инвестиция салыңыздар — сонда нәтиже әлдеқайда үлкен болады», — деді Есімханов.
Оның айтуынша, оңай олжа көбіне ауыр салдарға әкеледі, ал стратегиялық көзқарас тұрақты жетістікке жеткізеді.