«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Семей мен Өскеменде салынатын ЖЭО-лардың құрылысына жауапты консорциум жетекшісінің атын тағы да жариялаудан бас тартты. Алайда бұл жолы ол құпия сақталуының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚПАРАТ НЕГЕ ҚҰПИЯ?
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте тағы да Қазақстанның шығыс қалаларында салынатын ЖЭО құрылысына жауапты консорциум құрамын жариялаудан бас тартты.
– EPC-келісімшарт сингапурлық-қазақстандық консорциуммен жасалды. Өкінішке қарай, сингапурлық компаниямен жасалған келісімге сәйкес, біз олардың атауын жариялауға келісім ала алмадық. Мүмкін, болашақта олар бізге мұндай рұқсат берер, – деп құпия сақталу себебін түсіндірді Қайрат Мақсұтов.
СИНГАПУРЛЫҚ КОМПАНИЯ САЛАДЫ
Сонымен қатар, ол консорциум құрамында Сингапурдан келген құпия компаниядан бөлек, екі қазақстандық компания бар екенін нақтылады. Оның айтуынша, жобалау, жабдық жеткізу, монтаж және іске қосу-жөндеу жұмыстарын сингапурлық компания атқарады, ал қазақстандық компаниялар жалпы құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылымға жауап береді.
Компания басшысының айтуынша, барлық қатысушылар тиісті лицензияларға ие.
Мақсұтов мердігерді таңдаудағы негізгі критерий көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларын салу тәжірибесі болғанын атап өтті. Сингапурлық компания салған нақты жобаларды ол атаған жоқ, бірақ олардың Үндістан мен Индонезияда орналасқанын айтты.
Мердігер туралы ақпарат қашан жариялануы мүмкін екені компания тарапынан нақтыланбады.
Сонымен қатар, Ulysmedia сұрағына жауап бере отырып, Мақсұтов Семей мен Өскемендегі ЖЭО құрылысының құны Көкшетаудағы сияқты құпия болмайтынын жеткізді. Алайда ол бұл соманы жедел түрде еске түсіре алмады.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, бастапқыда Қазақстандағы үш көмір ЖЭО-ны Ресей салуы тиіс болған. Алайда қаржыландыру мәселелеріне байланысты Қазақстан бұл стратегиялық нысандар үшін жаңа мердігерлер тапты.