Атлант мұхитында жүрген MV Hondius круиздік кемесінде жеті адамнан хантавирус анықталған. Олардың үшеуі көз жұмған, тағы бір науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДДСҰ АЛАҢДАУЛЫ
Euronews-тің жазуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері вирустың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Мария Ван Керкховенің айтуынша, әсіресе бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар — жұбайлар немесе бір каютаны бірге пайдаланған жолаушылар арасында жұқтыру ықтималдығы бар.
ИСПАН ДӘРІГЕРЛЕРІ ТЕКСЕРЕДІ
Испания билігі 150-ге жуық адамы бар лайнерді өз аумағына кіргізіп, жолаушыларды тексеру және жағдайды бағалау үшін эпидемиологтар тобын жібереді. Бұл қадам кейін жолаушыларды елдеріне қайтару және кеменің ары қарайғы бағытын анықтауға көмектеседі.
Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы қазіргі жағдайда Еуропа тұрғындары үшін қауіп деңгейі өте төмен екенін атап өтті. Олардың айтуынша, кемеде алдын алу шаралары енгізілген, әрі хантавирус адамнан адамға оңай тарала бермейді.
Мамандардың түсіндіруінше, хантавирустардың көпшілігі адамдар арасында тікелей берілмейді. Тек Оңтүстік Америкада кездесетін Анд вирусы ғана тығыз байланыс кезінде жұғуы мүмкін.
Қазіргі жағдайдың нақты себебі — вирус қоршаған орта арқылы тарады ма, әлде адамдар арасындағы байланыс нәтижесінде жұқты ма — әзірге белгісіз. Сондай-ақ індетке нақты қай түрі себеп болғаны да анықталмаған.
ХАНТАВИРУС ҚАНДАЙ ІНДЕТ?
Хантавирус — көбіне кеміргіштердің кепкен нәжісі арқылы ауаға тарайтын бөлшектерді жұту кезінде адамға жұғатын вирустар тобы.
Вирус жануарлардың зәрі, сілекейі немесе нәжісі арқылы ауаға көтеріліп, тыныс алу кезінде ағзаға енеді. Сирек жағдайда кеміргіштердің шағуы арқылы да жұғуы мүмкін.
Бұл инфекция ауыр дерттерге, соның ішінде хантавирус тудыратын өкпе синдромына әкелуі ықтимал. Ауру әдетте қызу көтерілуі, әлсіздік және бұлшықет ауруымен басталып, кейін тыныс алу жүйесінің күрделі бұзылыстарына ұласуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, егер тыныс алу асқынулары дамыса, өлім-жітім көрсеткіші 38 пайызға дейін жетуі ықтимал.