Қазақстанда 208 мыңға жуық жеке кәсіп жабылды

Ulysmedia
buzzfeed.com

Қазақстанда жеке кәсіптің жабылу көрсеткіші күрт артты. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында шамамен 208 мың жеке кәсіпкер қызметін тоқтатты. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 83 мыңның төңірегінде болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕЙДІ?

Алаңдатарлық статистиканы Экономика министрі Серік Жұманғарин жария етті. Оның айтуынша, әдетте жыл басында шамамен 100 мыңға жуық кәсіпкер жұмысын тоқтататын. Биыл бұл көрсеткіш екі есеге жуық өскен. Министрдің бағалауынша, жабылған кәсіпорындардың шамамен 100 мыңы соңғы енгізілген өзгерістермен байланысты. Дегенмен ол бастапқыда жабылатын кәсіпкерлер саны 300 мыңға дейін жетуі мүмкін деп болжаған.

Жұманғариннің сөзінше, жабылғандардың басым бөлігі — табысы да, қызметкері де жоқ, іс жүзінде жұмыс істемейтін кәсіптер. Кейбірі қызмет форматын өзгерткен: шамамен 39 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына өткен, ал бір бөлігі басқа компаниялармен байланыс орнатқан. Қазір мұндай азаматтардың көбі такси, жеткізу секілді цифрлық платформалар арқылы табыс табуда.

КӘСІПКЕ ҚЫСЫМ

Қазақстандық кәсіпкерлер салық жүктемесінің артуы мен жұмыс жүргізудің қиындағанын айтып шағымдануда. Осыған байланысты кейбірі бизнесін жауып жатса, енді бірі жаңа талаптарды айналып өтудің жолдарын іздеуде. Салық жүктемесі кәсіпкерлердің жағдайына қалай әсер еткенін бұдан бұрын егжей-тегжейлі жазғанбыз.