«Өз жерімізде аниматорға айналдық»: блогерлер қазақтың әсіре қонақжайлығын сынады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Unknownkazak жобасының авторлары қазақ қоғамындағы «шексіз қонақжайлық» ұғымын сынға алды. Олардың пікірінше, қонақжайлық біртіндеп өзгенің мақұлдауын күтетін мінезге айналып, қонақ пен үй иесінің арасындағы тепе-теңдік бұзылып барады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ЖАҚСЫ ҚАЗАҚ» БОЛУҒА ТЫРЫСАДЫ

Соңғы жылдары қоғамда «қазақтың қонақжайлығы» туралы пікірталас жиілей бастады. Бір тарап мұны ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі деп қабылдаса, енді бірі бұл ұғымның шектен тыс романтизацияланып кеткенін айтады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қонақжайлықтың қазіргі сипаты туралы сыни пікірлер көбейіп келеді.

Осындай пікірді Unknownkazak жобасының авторлары Диас пен Айгерім Камеридандар да көтерді. Олар бүгінгі «аңызға айналған қазақ қонақжайлығы» біртіндеп табиғи мәдени құндылықтан гөрі, өзгенің мақұлдауын күтетін психологиялық модельге ұқсап бара жатқанын айтады.

Авторлардың пікірінше, бүгінде қоғамда кез келген шетелдікке немесе сырттан келген адамға ерекше ілтипат көрсету қалыпты нәрсеге айналған. Олар мұны әсіресе 2022 жылғы Ресейдегі мобилизациядан кейін Қазақстанға ағылған мигранттар мысалымен байланыстырады.

Сол кезеңде әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың шекарадан келген адамдарды ыстық тамақпен қарсы алып, тегін баспана ұсынып, жан-жақты көмектескен видеолары кең тарады. Unknownkazak авторлары бұл әрекеттің түп-тамыры қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде жатқанын айтады. Яғни, адамдар «жақсы қазақ» болуға тырысты.

Алайда олардың пікірінше, мәселе көмектесудің өзінде емес, қоғамның өз құндылығын сырт көздің бағасымен өлшей бастауында.

«Бізге әлдебір бөгденің мақұлдауы ауадай қажет сияқты. Оның бас изеуінсіз өз құндылығымызға өзіміз толық сенбейтіндейміз», – дейді авторлар.

ҚАЗАҚТАР «ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНИМАТОРҒА» АЙНАЛҒАН

Олардың айтуынша, сырт көзге бұл кеңпейілділік емес, «мақтау күтетін қызметшінің кейпі» секілді әсер қалдыруы мүмкін. Тіпті кей жағдайда қазақтар өз жерінде «фольклорлық аниматорға» айналып бара жатқандай көрінеді.

Unknownkazak авторлары қазіргі «шексіз қонақжайлылық» туралы түсінік кейбір келімсектер үшін өте ыңғайлы орта қалыптастырғанын да атап өтеді. Олар мұндай жағдайда жергілікті тілді үйренбеуге, қоғамдық ережелерді елемеуге немесе ортаға бейімделмеуге мүмкіндік туатынын айтады.

Себебі қоғамда «қазақтар бәріне түсіністікпен қарайды» деген тұрақты түсінік қалыптасқан.

Авторлар көшпелі мәдениеттегі қонақжайлықтың бастапқы мәні мүлде басқаша болғанын еске салады. Олардың пайымынша, дәстүрлі ортада қонақжайлық ешқашан біржақты процесс болмаған.

«Бұл – тең адамдардың қарым-қатынасы. Үй иесі қауіпсіздік пен құрмет көрсетеді, ал қонақ сол шаңырақтың тәртібін сыйлайды», – дейді олар.

Осы тұрғыда олар дастарқанды «сервис» емес, өзара құрметтің белгісі ретінде қабылдауға шақырады. Ал үй иесі үнемі өзгені қуантуға міндетті адам болмауы керек деген пікір айтады.

Қоғамдағы бұл талқылау қазақы қонақжайлықтан толықтай бас тарту туралы емес. Керісінше, оның шынайы мағынасын қайта қарау туралы мәселе көтеріп отыр. Яғни, қонақжайлық – өзіңді төмен қою емес, өзара сыйластыққа негізделген мәдени қатынас болуы керек деген ой алға шығып отыр.

ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ? 

Unknownkazak авторларының тосын жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр. Бірі мұны дұрыс десе, енді бірі қазақтың қонақжайлығына сынаудың орынсыз екенін айтуда. 

– Сіздер қатты ашулы болып кетіпсіздер. Бұл парақшадан шығамын. Халықтың кеңпейілдігі мен мейірімі мүлде басқа нәрсе. Мен адамдардың алдында жағыну сезімін байқамаймын. Қиналғанға қол ұшын созу бір бөлек, ал шын көңілмен қарсы алу  бір бөлек. Бұл – менің болмысым. Ал егер сізге тұтынушылық көзқарастағы адамдар жиі кездессе, бәлкім ондай адамдарды өз аураңызбен тартатын шығарсыз. Маған ондайлар жолыққан емес,– деп жазды Дина Абаева. 

Ал Ләйлә Молабаева есімді оқырман қазақтың болмысын тарихпен байланыстырды. 

– Біздің халықтың сағы қатты сындырылды. Біз өзімізді, өз күшімізге деген сенімді, ұлтымызды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді жоғалта жаздадық. Қазақ болу, өз тіліңде сөйлеу ұят сияқты көрінетін. Өз жерімізде жүріп-ақ бізді екінші сортты адамдай қабылдадым. Мен бала күнімде көрген қорлықтар мен естіген ауыр сөздердің бәрін жақсы есімде сақтап қалдым. Тек қазір ғана, бәлкім, біртіндеп еңсемізді тіктеп келе жатқан шығармыз,– дейді ол.