Бұғатталған бұғаз, нәтижесіз келісім, аяқталған операция. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы президент Дональд Трамптың «эпикалық драмасына» айналды. Ормұз бұғазындағы операция Парсы шығанағындағы жағдайды одан сайын ушықтырды.
АЯҚТАЛҒАН ОПЕРАЦИЯ
5 мамыр күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранға қарсы басталған «Эпикалық қаһар» әскери операциясының аяқталғанын хабарлады.
«Президент Конгресске ескерткендей, «Эпикалық қаһар» операциясы аяқталды. Біз бұл кезеңді тәмамдадық», – деді ол Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін, 1 мамырда президент Дональд Трамп Конгресске атысты тоқтатуға байланысты Иранға қарсы әскери операция аяқталғанын ескерткен. Осылайша, Трамп әкімшілігі 1973 жылғы заңды айналып өтіп отыр. Оған сәйкес, егер қарулы қақтығыс 60 күннен астам уақытқа созылатын болса, Ақ үй Конгресс қолдауын алуы тиіс.
Бірақ Марко Рубио «Трамп әкімшілігі бұл құқықтық норманы конституциялық талап деп есептемейтінін» айтты. Десе де, Конгреспен арадағы жақсы қарым-қатынасты сақтау мақсатында заң ережелерін сақтайды.
ОРМҰЗДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС
«Эпикалық қаһар» операциясы аяқталған тұста АҚШ Ормұз бұғазында «Бостандық» операциясын бастады. Онда америка қарулы күштері бұғатталған сауда кемелерін бұғаздан алып шығуы тиіс болған. Коммерциялық кемелердің саны 800 екені айтылған.
4 мамырда Иранның Fars агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, Иран екі зымыранмен Ормұз бұғазындағы америкалық кемеге шабуыл жасағанын, нәтижесінде ол кеме бұғаздан кетуге мәжбүр болғанын жазды. Бірақ кеменің аты аталмады. АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы «ешқандай америкалық кеме жапа шеккен жоқ» деп мәлімдеді.
Сейсенбі күні кешке Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) дереккөздеріне сүйеніп, Ормұз бұғазы аймағында жүк кемесіне «белгісіз снаряд» тигенін хабарлады. Оқиға туралы әзірге толық мәлімет жоқ.
Сол күні Біріккен Араб Әмірліктері билігі өздерінің әуе қорғаныс жүйелері екінші күн қатарынан ирандық зымырандар мен дрондарды қағып түсіріп жатқанын мәлімдеп, мұны қауіпті шиеленісу деп атады.
Фуджейра әмірлігіндегі мұнай өңдеу кешені маңында шабуылдан кейін ірі өрт шыққан. Бұл туралы әмірлік үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады. Шабуыл салдарынан Үндістанның үш азаматы жараланып, ауруханаға жеткізілген. Ал Иран БАӘ-ге соққы жасағанын жоққа шығарды.
Иран мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары өз елінің әскери басшылығына сүйене отырып, «Фуджейраға жасалған шабуылдың артында АҚШ тұр» деп Вашингтонның өзін айыптады.
Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран «қатысы жоқ» елдерге және Оңтүстік Кореяның жүк кемесіне бірнеше мәрте соққы жасағанын айтты.
Трамптың сөзінше, АҚШ Ормұз бұғазында Иранның жеті қайығын жойған. Бұған дейін АҚШ орталық қолбасшылығының (CENTCOM) жетекшісі Иранның алты қайығын «жарып жіберді» деген. Алайда Иран билігі мұны жоққа шығарды.
КЕЛІСІМ БЕ, ШЕГІНІС ПЕ?
6 мамырда Дональд Трамп «Бостандық» операциясы қысқа уақытқа тоқтатылғанын айтты. Оның сөзінше, оған АҚШ пен Иран арасында арағайын болып келе жатқан Пәкістанның өтініші себеп болған. Екі күн бұрын Трамп “егер Тегеран операцияға қатысатын АҚШ кемелерін атқылайтын болса, Иран жер бетінен жойылады” деп мәлімдеген.
«Бұғаттау күшінде қалады. Келісімге келе аламыз ба соны анықтау үшін «Бостандық» операциясы қысқа уақытқа тоқтайды», – деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісінде.
Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Трамптың бұл мәлімдемесін «сәтсіздіктерден кейінгі кері шегініс» деп сипаттады.
АҚШ пен Израильдың Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталған. Әуе шабуылы кезінде аятолла Әли Хаменеи қаза тауып, Тегеран қарымта ретінде Ормұз бұғазын жауып, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары мен Израильді атқылаған.
Сәуірдің басында Пәкістанның арағайындығымен Исламабадта келіссөздер басталған. Алайда тараптар келісімге келе алмай, ол сәтсіз аяқталған.