«Қазцинктегі» апатқа қатысты тергеу: күдікті кім

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов «Қазцинк» кәсіпорнындағы апатқа қатысты тергеу барысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕРГЕУ БАРЫСЫ

«Қазцинк» кәсіпорнындағы апатқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан ауыр зардаптарға әкелу дерегіне қатысты. Аталған бап бойынша ең жоғарғы жаза – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов тергеу-жедел тобына тәжірибелі қызметкерлер қосылғанын айтты. Сонымен қатар іс бойынша 10-нан астам сот сараптамасы тағайындалған.

– Қазір басты міндет – жарылысқа нақты не себеп болғанын анықтау. Негізгі екі нұсқа қарастырылып жатыр: технологиялық процестің бұзылуы және адам факторы, яғни еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы. Арнайы комиссияның шешімі мен сот сараптамаларының қорытындылары тергеудің бағытын айқындап, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға негіз болады, – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.

ӘЗІРГЕ ЕШКІМ ҰСТАЛМАДЫ

Қазір тергеу бастапқы кезеңде жүріп жатыр. Сондықтан нақты күдіктілер әзірге анықталмаған.

Әділовтің айтуынша, оқиға орнында Өнеркәсіп министрлігінің мамандары, әкімдік өкілдері және басқа да мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ вице-министр қаза тапқандардан бөлек, ауруханада тағы екі зардап шегуші жатқанын айтты. Оның бірі ауыр жағдайда.

КОНТЕКСТ

Кеше таңертең Өскемен қаласындағы «Қазцинк» қорғасын зауыты аумағында жарылыс болып, артынша өрт шыққан. Соның салдарынан цех конструкцияларының бір бөлігі құлаған. Оқиғадан жеті адам зардап шегіп, екі жұмысшы қаза тапты.

Бұған дейін Экология вице-министрі Жомарт Әлиев кәсіпорындағы апаттан кейінгі жағдай туралы мәлімдеген еді. Лабораториялық-экологиялық бақылау мамандары ауа сапасын тексеріп, Қазгидромет зауыттың санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерге бақылау бекеттерін орнатқан. Тексеру нәтижесінде ауадағы зиянды заттардың мөлшері шекті нормадан аспағаны анықталған.