Израиль дәрігерлері елде хантавирус жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Франция мен Швейцарияда да тұрғындардан қауіпті індет анықталғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИЗРАИЛЬДЕГІ НАУҚАС
Jerusalem Post басылымының жазуынша, науқас вирусты Шығыс Еуропа аумағында бірнеше ай бұрын жүрген кезде жұқтырып алуы мүмкін. Израиль билігі әзірге жұқтырған адамның қай қалада тұратынын және қай медициналық орталықта диагноз қойылғанын жариялаған жоқ.
Науқас ауру белгілері пайда болғаннан кейін дәрігерлерге жүгінген. Алдымен оған антиденелерге тест жасалып, хантавирус ықпалы анықталған. Кейін бұл диагноз ПТР-тест арқылы расталған.
Басылым мәліметінше, пациенттің жағдайы тұрақты, ол дәрігерлер бақылауында жатыр. Қазір оған жансақтау бөлімі немесе қатаң оқшаулау қажет емес.
ЕУРОПА АЛАҢДАУЛЫ
Хантавирус Europe аумағына да жетті. Қазір құрлықта вирус жұқтырудың үш дерегі тіркелген. Оның бірі MV Hondius лайнеріндегі індетпен байланысты болмауы мүмкін.
The Sun басылымының жазуынша, Франция азаматы вирус жұқтырған кеме жолаушысымен бір рейсте ұшқан болуы ықтимал.
Бұдан бөлек, Швейцарияда жуырда лайнерден түскен ер адам ауруханаға жатқызылды.
Сондай-ақ Нидерландының KLM әуе компаниясында жұмыс істейтін бортсерік те хантавирус жұқтырды деген күдікпен ауруханада жатыр.
ДДСҰ НЕ ДЕЙДІ?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эпидемиологы Мария Ван Керкхове бұл жағдайды коронавирус пандемиясымен салыстыруға болмайтынын айтты.
«Нақты айтайын: бұл SARS-CoV-2 емес. Бұл – COVID пандемиясының бастауы емес. Біз қазір кемедегі індет ошағын бақылап отырмыз», – деді ол.
Маманның сөзінше, хантавирус мүлде басқа жолмен таралады және адамдар арасында жұғуы үшін өте тығыз байланыс қажет.
ВИРУС ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
ДДСҰ хантавирус жұқтырғандар саны әлі де көбеюі мүмкін екенін ескертті. Себебі вирустың жасырын кезеңі алты аптаға дейін созылады.
Қазір мамандар инфекцияның адамнан адамға берілу ықтималдығын зерттеп жатыр. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездесетіні айтылады.
Сондай-ақ кеме бортынан әдетте вирустың негізгі тасымалдаушысы саналатын егеуқұйрықтар табылмаған.
КЕМЕ ЖОЛАУШЫЛАРЫ ІЗДЕСТІРІЛІП ЖАТЫР
Еске салайық, бұдан бұрын Әлем елдері MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушыларын іздестіріп жатқаны хабарланған. Кемеде қауіпті хантавирус індеті тіркелгеннен кейін кейбір жолаушылар инфекция туралы ақпарат жария болмай тұрып лайнерден түсіп кеткен. Қазір олардың нақты қайда жүргені белгісіз. Аралық аялдамадан түскен 40-қа жуық адамның арасында қаза тапқан азаматтардың бірінің жұбайы да болған.
ДДСҰ мәліметінше, бортта үш адам көз жұмған – Нидерландтан келген ерлі-зайыпты және Германия азаматы. Тағы сегіз жолаушы, оның ішінде Швейцария азаматы вирус жұқтырды деген күдікке ілінген.
Бортында шамамен 150 адам бар лайнер қазір Кабо-Верде жағалауында дрейф жасап жүр. Кеме Испанияның Тенерифе аралына бағыт алған, сенбі күні жетеді деп жоспарланған.
Үш науқас лайнерден эвакуацияланды. Бірі Нидерландта, екіншісі Германияда ем қабылдап жатыр. Үшінші адам өмірді қамтамасыз ету жүйесіндегі ақауға байланысты рейсі кешігіп, Нидерландқа кейінірек жеткізілмек.
Тенерифеге жеткен соң дені сау жолаушыларды елдеріне қайтару жоспарланған. Испанияның 14 азаматы Мадридтегі әскери госпитальде карантинге орналастырылады.