Төрде – Тоқаев: Мәскеудегі Жеңіс парады қалай өтіп жатыр

Ulysmedia
видеодан скриншот

Мәскеудегі Қызыл алаңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған әскери парад басталды. Іс-шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОҚАЕВ КІМДЕРМЕН ОТЫР?

Қазақстан президенті орталық мінберде Ресей президенті Владимир Путиннің, соғыс ардагерлері мен шараға шақырылған шетелдік қонақтардың жанында отыр.

Биылғы парад әскери техниканың шеруінсіз өтіп жатыр. Бағдарламаға тек жаяу әскер колонналары енгізілген.

Мінберде Мәскеуге еске алу шараларына арнайы келген бірнеше елдің басшылары мен ресми өкілдері де бар.

ПУТИН НЕ ДЕДІ?

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Владимир Путин парадқа қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтап, оны «қасиетті әрі ең басты мереке» деп атады. Оның айтуынша, Ресей «Жеңіс сарбаздарының аманатына және мұрасына адал».

Сондай-ақ Путин кеңес халқы «гитлерлік Германия алдында тізе бүккен елдердің егемендігін қайта қалпына келтірді» деп мәлімдеді.

Ресей президенті «орыс халқының мінезі мен рух күші әсіресе қиын кезеңдерде айқын көрінеді» деп те айтты.

МӘСКЕУГЕ КІМДЕР БАРДЫ?

Бұған дейін Кремль 9 мамыр күні Путиннің шетелдік көшбасшылармен оннан астам кездесу өткізетінін хабарлаған еді.

Мәскеуге Қазақстан, Беларусь және Өзбекстан президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев, Александр Лукашенко және Шавкат Мирзиёев барды.

8 мамыр күні Путин олармен Кремльде жеке кездесулер өткізген.