Бензин қымбаттай ма? Қазақстандағы ірі мұнай зауыттары жөндеуге жабылады

Ulysmedia
коллаж AI / Ulysmedia

2026 жылы Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауыты кезең-кезеңімен жөндеуге тоқтайды. Соған қарамастан, Энергетика министрлігі елде бензин мен дизель тапшылығы болмайтынын мәлімдеді. Ведомство жанармай қоры жеткілікті екенін айтып, егіс науқанына арналған жеңілдетілген дизельдің де тұрақты жеткізілетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖӨНДЕУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

Министрліктің мәліметінше, жөндеу кестесі маусымдық сұраныс ескеріліп жасалған. Яғни, бірнеше ірі зауыт бір уақытта толық тоқтатылмайды.

– Алғаш болып Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеуден өтті. Капиталдық жөндеу 2026 жылдың 27 наурызы мен 25 сәуірі аралығында жүргізіліп, 30 күнге созылған. Жұмыстар жоспарланған уақыттан ерте аяқталған,– деп хабарлады ведомство.

Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу 26 маусым мен 15 шілде аралығына жоспарланған. Жөндеу 20 күнге созылады. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты 18 қыркүйек пен 17 қазан аралығында 30 күндік капиталдық жөндеуге тоқтайды.

НАРЫҚТАҒЫ БАҒАҒА ӘСЕРІ

Министрлік барлық жағдайда тек жекелеген технологиялық қондырғылар уақытша тоқтатылатынын атап өтті. Үш зауытта да мұнайды бастапқы өңдеу қондырғылары жөнделеді. Бұл қондырғылар зауыттағы өңдеу көлеміне тікелей әсер етеді.

Шымкент зауытында бұдан бөлек дизель отынын гидротазалау қондырғысы мен каталитикалық крекинг жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізілген. Ал Caspi Bitum зауыты тек битум өндіруге маманданғандықтан, мотор отыны өндірісіне әсер етпейді.

– Жөндеу жұмыстарының нарыққа әсерін азайту үшін бірнеше шара қарастырылған. Бір зауыт жөндеуде тұрған кезде қалғандары қалыпты режимде жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар жөндеу алдында жанармай қоры алдын ала көбейтіліп, стратегиялық резервтер пайдаланылады,– деп хабарлады энергетика министрлігі.

Көктемгі егіс науқаны кезіндегі дизель отыны мәселесіне де түсініктеме берілді. Қазіргі таңда елдегі дизель қоры 635 мың тоннаны құрайды. Министрлік бұл көлем шаруаларды толық қамтамасыз етуге жеткілікті деп есептейді.

ДИЗЕЛЬ БАҒАСЫ ҚАНША?

2026 жылғы егіс жұмыстарына арнап 402 мың тонна жеңілдетілген дизель бөлінген. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін баға литріне 281 теңге болып бекітілді. Бұл нарықтағы бағадан шамамен 15 пайызға арзан. Жеткізу ақпаннан маусымға дейін жалғасады.

Бақылауды күшейту үшін цифрлық және түстік таңбалау енгізіліп, электронды шот-фактура жүйесінде арнайы виртуалды қойма іске қосылған.

– Дизель тапшылығы қаупі жоқ. Шымкент зауытының жөндеуі егіс науқанының қызған шағына дейін аяқталса, Атырау зауытының жөндеуі науқан біткеннен кейін басталады. Аграрларға жеңілдетілген дизель бірінші кезекте жеткізіліп, бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында болады,– дейді министрлік.

Сондай-ақ ведомство жоспарлы жөндеу жұмыстары дизельдің бөлшек бағасына әсер етпеуі тиіс екенін мәлімдеді. Шаруалар үшін баға маусым айының соңына дейін өзгермейді. Ал ішкі нарықта жүргізіліп жатқан жөндеулер бағаның қымбаттауына негіз болмайды деп бағалануда.