Түркияның Анталья қаласында 27 жастағы қазақстандық жол апатынан қаза тапты. Велосипедпен келе жатқан азаматты түнгі уақытта такси қағып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?
Nefes басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға түнгі уақытта болған. Такси жүргізушісі велосипедпен келе жатқан Қазақстан азаматы Құбат Аманбековті қағып кеткен. Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер жас жігіттің оқиға орнында көз жұмғанын ғана тіркеген.
МАРҚҰМ БАРМЕН БОЛҒАН
Белгілі болғандай, Құбат Аманбеков Антальядағы бес жұлдызды қонақ үйлердің бірінде бармен болып жұмыс істеген. Жол апатынан кейін такси жүргізушісін полиция ұстады.
Марқұмның денесі Серік мемлекеттік ауруханасының мәйітханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта түркиялық құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр.
Ал Ulysmedia.kz редакциясы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми пікір алу үшін сауал жолдаған.