«Болмысынан айырған»: Ресей ұрлаған украин балаларының тағдыры айтылды

Ulysmedia
фото: eurointegration.com.ua

Ресей Украинаға басып кіргелі бері 20 мыңнан астам украиналық бала Ресейге, Беларуське және оккупацияланған аумақтарға заңсыз әкетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КҮШТЕП КӨШІРІЛГЕН БАЛАЛАР

Deutsche Welle басылымының жазуынша, 2022 жылғы 24 ақпанда басталған соғыстан бері Ресей билігі 20 500-ден астам украин баласын күштеп көшірген. Киевтің мәліметінше, олардың бір бөлігі арнайы лагерьлерде идеологиялық өңдеуден өтіп, украин болмысынан айырылып жатыр. Кей балаларға Ресей азаматтығы беріліп, асырап алынған.

Осы мәселені халықаралық деңгейде көтеру үшін Брюссельде украин балаларын қайтару жөніндегі халықаралық коалицияның жоғары деңгейдегі кездесуі өтті. Жиынға 63 делегация қатысты. Кездесу Украина мен Канаданың төрағалығымен және Еуропалық одақ қолдауымен ұйымдастырылды.

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Ресейге қарсы нақты әрекет қажет екенін айтты.

«Ресейге, балаларды ұрлау мен депортациялауға қатысы бар адамдарға қысым күшейе түсуі керек. Мәлімдеме мен бастама жеткілікті. Енді нақты қадам жасайтын уақыт келді», – деді ол.

РЕСЕЙ ТАРАПЫ НЕ ДЕЙДІ?

Украин балаларын қайтару жөніндегі халықаралық коалиция 2024 жылдың ақпанында Киевте құрылған. Оған 40-тан астам мемлекет пен халықаралық ұйым мүше. Коалиция Украинамен бірге балаларды іздеу, қайтару және құқықтық көмек көрсету жұмыстарын үйлестіреді.

2023 жылы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белова туралы қамауға алу ордерін шығарған. Олар украин балаларын заңсыз көшіруге қатысы бар деп айыпталады.

Алайда Мәскеу балаларды күштеп әкетті деген айыпты мойындамай отыр әрі Киевке қажетті ақпарат беруден бас тартады. Соның салдарынан әр баланың қайда екенін анықтау қиындық тудырып отыр.

2 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА ҒАНА УКРАИНАҒА ОРАЛҒАН

Өткен жылдың қыркүйегінде Украина заңсыз әкетілген балаларды анықтауға арналған пилоттық жоба іске қосқан. Соның арқасында 1300 баланың ізі табылған.

“Дегенмен балаларды қайтару процесі тым баяу жүріп жатыр. Украина мәліметінше, 20 мыңнан астам баланың тек 2100-і ғана елге оралған. Оның жүзге жуығы ғана халықаралық делдалдардың көмегімен қайтарылған. Еуроодақтың аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды өкілі көптеген жағдайда балаларды қайтару «жасырын құтқару операциясына» ұқсайтынын айтты. Оның сөзінше, мұндай операциялар балалар үшін де, оларды құтқаруға қатысатын адамдар үшін де аса қауіпті. Сондықтан Украина мен Батыс елдері бұл механизмдердің егжей-тегжейін жарияламайды.Шенеуніктің мәліметінше, қарапайым қайтару операциясы шамамен мың еуро тұрса, жасырын әрі күрделі операцияның құны 10 мың еуроға дейін жетуі мүмкін”, – деп жазады DW.

СОҒЫСТЫҢ ЖАНАМА САЛДАРЫ МА?

Коалиция мүшелері украин балаларын күштеп көшіру мен ресейшіл идеологиялық ықпалға салуды Ресейдің мемлекеттік саясаты деп бағалап отыр.

«Бұл – кездейсоқ жағдай емес және соғыстың жанама салдары да емес. Бұл – украин болмысын жоюға бағытталған жүйелі саясат», – деді Андрей Сибига.

11 мамырда Еуропалық одақ украин балаларын күштеп көшіруге қатысы бар 16 адам мен 7 ұйымға санкция салды. Қазірдің өзінде мұндай санкциялық тізімге жүзден астам адам мен ұйым енген.