Ирандағы соғыс: Тегеран келіссөздерді жалғастыру үшін бес шарт қойды

Ulysmedia
фото: caliber.az

Иран соғыс тоқтамайынша, санкциялар алынбайынша және Ормуз бұғазындағы егемендігі мойындалмайынша АҚШ-пен келіссөзді қайта бастамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛДЫ?

Fars агенттігінің дерегінше, Тегеран Вашингтонға бес талап жолдаған. Бұл шарттар АҚШ-пен келіссөз жүргізуге қажетті ең төменгі сенім кепілдігі ретінде қарастырылып отыр. Атап айтқанда, Иран:

– барлық бағыттағы, әсіресе Ливандағы соғыстың тоқтауын;
– Иранға қарсы санкциялардың алынуын;
– бұғатталған ирандық қаржының босатылуын;
– әскери қимылдардан келген шығынның өтелуін;
– Ормуз бұғазындағы Иран егемендігінің мойындалуын талап еткен.

«Бұл талаптардың барлығы келіссөз процесіне қайта оралу үшін ең төменгі сенім қалыптастыру мақсатында қойылып отыр. Тегеран осы тармақтар іс жүзінде орындалмайынша жаңа келіссөзге бару мүмкін емес деп санайды», – деп жазады агенттік.

Иран бұл талаптарды АҚШ ұсынған 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспарға жауап ретінде жолдаған. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Вашингтонның ұсынысы толықтай біржақты болған және АҚШ мүддесін ғана көздеген.

«АҚШ соғыс арқылы қол жеткізе алмаған мақсаттарына келіссөз арқылы жетуге тырысты», – деп келтіреді Fars дереккөз сөзін.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 3 мамырда Тегеран Вашингтонға қақтығысты тоқтатуға қатысты негізгі шарттар енгізілген 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар жібергені белгілі болған. Құжат Пәкістан тарапы арқылы жеткізілген. Бұл Иран мен АҚШ арасындағы жалғасып жатқан жанама байланыс аясында ұсынылған және АҚШ-тың тоғыз тармақтан тұратын бастамасына жауап болған.

6 мамырда Axios басылымы АҚШ пен Иран Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға және ядролық бағдарлама бойынша алдағы келіссөздердің аясын айқындауға арналған қысқа меморандумға қол қоюға жақын қалғанын хабарлады.

АҚШ президенті Трамп бірнеше рет Вашингтонның басты талабы — Иранның ядролық қаруға ие болудан бас тартуы екенін айтқан.

WSJ мәліметінше, Иран мен АҚШ осы аптада Исламабад қаласында келіссөзді қайта жалғастыруы мүмкін. Axios та тараптардың мәмілеге жақындағанын жазды.