Әлем көз тіккен келіссөз: Трамп пен Си Цзиньпин не талқылады

Анар Лепесова
cnn

Бейжіңде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасындағы кеңейтілген келіссөздер өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТРАМП НЕ ДЕДІ?

Тараптар кездесуі кезінде Трамп Қытайға АҚШ-тың ірі компанияларының басшыларын алып келгенін айтты.

— Маған компаниялардың екінші немесе үшінші деңгейлі өкілдері қажет емес еді. Тек ең жоғары деңгейдегі басшылар болуы керек деп шештім. Бүгін олар осында сізге және Қытайға құрмет көрсету үшін келді. Олар сауда жасап, бизнес жүргізуді асыға күтіп отыр, — деді АҚШ президенті.

Трамп бұл келіссөздерді ең маңызды кездесулердің бірі деп атады. Сондай-ақ АҚШ тарапы Қытаймен саудада «толық өзара тиімді» шарттарды күтетінін жеткізді.

— Кейбіреулер мұны тарихтағы ең ірі саммит болуы мүмкін дейді. АҚШ-та қазір басқа ештеңе талқыланбайды. Сізбен бірге болу — мен үшін үлкен құрмет. Сіздің досыңыз болу — мен үшін мәртебе. Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейде жақсарады, — деді Трамп.

БҮКІЛ ӘЛЕМ НАЗАРЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Өз кезегінде Си Цзиньпин 2026 жыл Қытай мен АҚШ қатынастары үшін «тарихи әрі маңызды кезең» боларына үміт білдірді. Оның айтуынша, Бейжіңдегі бұл кездесу бүкіл әлемнің назарын аударған.

— Қытай мен АҚШ уақыттың өзекті мәселелеріне бірге жауап беруі керек, — деді Қытай басшысы.

Ол сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық байланыстары екі тарапқа да тиімді екенін атап өтті.

Кездесу Халық жиналысы үйінде өтті. Келіссөзден кейін АҚШ президентіне үзіліс берілді, ал кешке Си Цзиньпин Трамптың құрметіне мемлекеттік банкет ұйымдастырады.

Қабылдауға Қытай шенеуніктері, саясаткерлері және бизнес өкілдері қатысады деп күтілуде. АҚШ тарапынан Трамптың өзі, мемлекеттік хатшы, президенттің ұлы мен келіні, сондай-ақ Илон Маск, Тим Кук, NVIDIA басшылығы және басқа да ірі америкалық бизнес өкілдері шақырылған.

ЖАҢА САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕЗЕҢ

Еске салайық, кешке кешке АҚШ президенті Дональд Трамптың ұшағы Бейжіңге қонған

Ақ үй басшысы Қытай астанасына ресми сапармен келді. Әлемдік БАҚ жіті бақылап отырған бұл кездесу тек дипломатиялық протокол емес, Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаңа саяси-экономикалық кезеңнің бастамасы ретінде бағаланып отыр.

Сапардың символикалық маңызы оның ұйымдастырылуынан-ақ байқалды. Қытай тарапы америкалық делегацияны жоғары деңгейде қарсы алып, халықаралық баспасөз орталығын алдын ала дайындаған. Бейжіңге АҚШ-тан жүзден астам журналист арнайы барған. Бұл – саммиттің әлемдік медиадағы салмағын көрсететін маңызды белгі.