Венада өткен 70-ші мерейтойлық Eurovision байқауында алғаш рет Болгария жеңіске жетті. 4 жыл үзілістен кейін додаға қайта қатысқан елдің атын DARA сахналық есімімен танылған Дарина Йотова асқақтатты. Оны байқауға ресейлік әнші Филипп Киркоровтың Dream Team командасы дайындаған. Йотова орындаған «Bangaranga» – бұған дейін Сергей Лазаревтің Eurovision-ға арналған әндерін жазған Димитрис Контопулостың әні.
Бірақ биыл да Eurovision төңірегіндегі талқының бәрі музыкадан бұрын саясатқа ойысты. Мәдени шарадан гөрі Еуропадағы саяси көңіл-күйдің айнасына көбірек ұқсайтын байқау несімен ерекшеленгенін, қандай дауларға арқау болғанын Ulysmedia.kz тілшісі тарқатады.
ЖЕҢІМПАЗ – БОЛГАРИЯ, БІРАҚ НАЗАР ТАҒЫ ИЗРАИЛЬГЕ АУДЫ
Биыл Eurovision-ға 35 мемлекет қатысты. Бұл – соңғы жиырма жылдан бергі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Себебі бес мемлекет – Испания, Ирландия, Исландия, Нидерланд және Словения – Израильдің қатысуына қарсылық білдіріп, байқаудан бас тартты.
Финалда қазылар алқасының дауыс беруінен кейін Болгария әншісі көш бастады. Австралия мен Дания өнерпаздары да фавориттер қатарында болды. Алайда көрермен дауысы қайтадан саяси пікірталас туғызды.
Израиль атынан қатысқан Ноам Беттен қазылардан небәрі 123 ұпай алып, сегізінші орында тұрған. Бірақ көрермен дауысынан кейін оның бәсі артып, жалпы есепте екінші бір-ақ көтерілді. Былтырғы жағдайды тағы қайталанды: 2025 жылы да Израиль көрерменнің өте көп дауысына ие болып, нәтижеге қатысты күмән туындаған.
Сол себепті Eurovision ұйымдастырушылары биыл дауыс беру ережесін өзгертуге мәжбүр болды. Бір төлем жүйесінен берілетін максималды дауыс саны 20-дан 10-ға дейін қысқартылды. Өйткені өткен жылы Израильге қолдау көрсету үшін жаппай дауыс беру науқандары жүргізілді деген күдік болған. Израильдің KAN телеарнасы мұндай айыптауларды жоққа шығарды. Бірақ дау мұнымен тоқтаған жоқ.
ҚОС СТАНДАРТ
Eurovision төңірегіндегі басты дау – Ресей мен Израильге қатысты ұстанымдағы айырмашылық болды.
Ресей 2022 жылы Украинадағы соғысқа байланысты байқаудан шеттетілген. Ал Израиль Газа секторындағы соғысқа қарамастан қатысуын жалғастырып келеді. Осыған байланысты Eurovision ұйымдастырушысы – Еуропалық хабар тарату одағына (EBU) «қос стандарт» туралы айыптаулар жиі айтылды.
Тіпті Испания премьер-министрі Педро Санчес те бұл мәселеге араласып, Ресей мен Израильге қатысты әртүрлі шешім қабылдау «екіжүзділікке» ұқсайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, «заңсыз соғыс пен гуманитарлық апат кезінде үнсіз қалуға болмайды».
Ал EBU өкілдері жағдайдың «мүлде бөлек» екенін айтып ақталды. Ұйым басшыларының түсіндіруінше, Ресейдің шеттетілуіне соғыстың өзі емес, ресейлік қоғамдық медианың тәуелсіз емес болуы себеп болған.
EBU вице-директоры Жан Филип Де Тендер «біз БҰҰ емеспіз, саяси шешім қабылдамаймыз» деп мәлімдеді. Бірақ дәл осы мәлімдеме Eurovision-ның саясаттан алыс емесін тағы да көрсетті. Өйткені байқау саясаттан тыс екенін дәлелдеуге тырысқан сайын, оның саяси сипаты айқынырақ байқалатындай.
EUROVISION ГЕОСАЯСИ АЛАҢ БА?
Биылғы бойкот Eurovision тарихындағы ең ірі демарштардың біріне айналды. Байқаудың 70 жылдық мерейтойында бес ел бірдей қатысудан бас тартуы – Eurovision-ның бұрынғыдай тек ән жарысы емес екенін көрсетті.
Словения тіпті байқауды трансляциялаудан да бас тартты. Бұл келесі жылы елдің толық шеттетілуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай Eurovision тарихында бұрын да болған: Ресей 1998 жылғы конкурсты көрсетпегені үшін уақытша шеттетілген еді.
Израиль делегациясына қарсы наразылықтар Вена көшелерінде ғана емес, зал ішінде де байқалды. Жартылай финал кезінде көрермендердің бірі өнер көрсету барысында наразылық білдіріп, қауіпсіздік қызметі оны залдан шығарып жіберді.
Ұйымдастырушылар финалда да осындай жағдайларға дайын екенін айтты. Тіпті Израиль өкілінің командасы әншіні репетиция кезінде әдейі ысқырып қарсы алып, оны психологиялық тұрғыда дайындағаны хабарланды.
Мұның бәрі Eurovision-ның геосаяси текетірес алаңына айналып бара жатқанын байқатты.
ТЕК САЯСАТПЕН ШЕКТЕЛМЕГЕН ДАУ
Биыл Eurovision тағы бірнеше даумен есте қалды.
Румыниялық әнші Александра Кэпитэнескудің «Choke Me» әні BDSM мәдениетін насихаттайды деген айыпқа ұшырады. Кей белсенділер оны дисквалификациялауды талап етті. Бірақ әнші бұл композиция «ішкі күйзеліс туралы» екенін айтып, мәтінді өзгертуден бас тартты.
Люксембург пен Австрия өкілдері плагиатқа қатысты күдікке ілікті. Ал Әзербайжан әніне жасанды интеллект қолданылды деген қауесет тарады. Соның салдарынан интернетте «Azerb-AI-jan» деген мысқыл мемдер көбейді.
Eurovision бірнеше жыл бұрын ән жазуда жасанды интеллект қолдануға тыйым салған. Бірақ енді мұндай айыптаулар жыл сайынғы трендке айналуы мүмкін. Өйткені жасанды интеллект қолданылғанын дәлелдеу де, теріске шығару да қиын.
EUROVISION НЕГЕ ӘЛІ ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА?
Соңғы жылдары Eurovision туралы пікір екіге бөлінді. Бірі оны «фрик-шоуға» айналды деп сынға алады. Ал екінші топ дәл осы ерекшелігі үшін көретіндерін айтады.
Ресейлік продюсер Иосиф Пригожин байқауда «қалыпты музыка емес, ерекше образдар ғана өтеді» деп сын айтты. Бірақ Eurovision-ның феномені де осында болуы мүмкін.
Бұл конкурс әлдеқашан тек музыка жарысы болудан қалған. Қазір Eurovision – Еуропадағы мәдени трендтердің, қоғамдық қақтығыстардың, либералдық құндылықтар мен саяси даулардың көрінісі.
Сондықтан Eurovision-ды сынға алатындар да, келеке ететіндер де оны тамашалаудан, байқау төңірегіндегі дауларға үн қосудан танбайды. Өйткені бұл дода жыл сайын музыкадан бөлек, қоғамның өзі қайда бет алғанын көрсететін алаңға айналып отыр.