Белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы жастарға желіде тарап жүрген интим видеолар жайлы ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“МАХАББАТ ДӘЛЕЛДЕУДІ СҰРАМАЙДЫ”
Тележүргізушінің айтуынша, қазір ең қауіпті нәрсе қару емес, адам туралы «компроматтың» телефонда сақталуы мен оның таратылуы.
«Бір кезде «жаным» деген адам, ертең ашумен, хайп үшін, абайсызда немесе әдейі сенің ең әлсіз жеріңе соққы беруі мүмкін. Сол үшін жігітке де, қызға да айтарым: махаббатқа сенуге болады, бірақ өз қауіпсіздіктеріңді ешқашан ұмытпаңыздар», – деп жазды ол.
Журналистің сөзінше, интим фото, видео, пароль, жеке хат – мұның бәрі ертең өзіңе қарсы қолданылуы мүмкін құрал.
«Маған сенбейсің бе?», «Мен ешкімге көрсетпеймін»,«Біз отбасы боламыз ғой…» Осындай сөздерге сеніп, манипуляция мен шантаждың құрбаны болып қалмаңыздар. Махаббат дәлелдеуді сұрамайды. Өзіңді қорға. Өзіңді сыйла. Себебі интернетке кеткен дүние ешқашан толық өшпейді. Сосын заң бар екенін де ұмытпайық. Біреудің интим фото/видеосын рұқсатсыз тарату - қылмыс. Ондай әрекет үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылған», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
ШУЛЫ ВИДЕО
Еске салайық, жуырда желіде «Хан» лақап атымен танылған ақтаулық блогер әрі асаба мен оның әйелінің интим видеосы тарады.
Шоумен мен оның келіншегі видеоүндеу жасап, тараған бейнежазбаның шынайы екенін растаған және оны әрі қарай таратуды, сондай-ақ өздеріне бағытталған қудалауды тоқтатуды сұраған. Олар бұл жағдайды жеке өмірге қол сұғу деп атады. Ерлі-зайыпты бейнежазбаны телефонның құпиясөзін білетін мобилограф таратты деп мәлімдеді.
Кейіннен интим видеоны таратты деген күдікпен ұсталған жасөспірімнің анасы желіде өз шындығын айтты. Әйелдің сөзінше, 16 жастағы ұлы жұмыс берушісінің телефонынан жабық видеоларды ұрлауы мүмкін емес.
Сондай-ақ, осы оқиғаға байланысты Маңғыстау асабалары мен өнерпаздары видеоүндеу жасап, «Ханды» той жүргізуден шеттетуді талап етті. Олар айыпталып жатқан жасөспірімнің тағдырына бейжай қарамауды сұрады.
Ал заңгер асабаның интим видеосын сатқандар бес жылға дейін сотталуы мүмкін екенін ескертті.