«Құрмет деп осыны айт»: Әзербайжан туын көтерген қазақ баласы елді сүйсінтті

Ulysmedia
фото: ЖИ

Әлеуметті желіде Түркістандағы саммит кезінде түсірілген видео тарады. Кадрда Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы жолға түсіп қалған Әзербайжан туын көтеріп алу үшін көшенің арғы бетіне жүгіріп бара жатқанын көруге болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РӘМІЗГЕ ҚҰРМЕТ

Видео авторы оқушының әрекетін өзге елдің рәмізіне көрсетілген құрмет деп бағалаған.

«Міне, әзербайжандық бауырлар, әлі кішкентай бала болса да, жерде жатқан туды көре тұра, бейжай өте алмады. Бұл – Қазақстан», – деп жазылған видео сипаттамасында.

Жасөспірімнің әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларын сүйсінтті. Әсіресе, Әзербайжан азаматтары оқушыға алғыстарын жарыса жазып жатыр.

“Ата-анаңның қолын сүйдім. Әзербайжандық бауырың”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

«Қазақтар табиғатынан керемет халық. Бұл – мақтау емес, шындық. Туризм саласында жұмыс істеймін, қазақтармен жұмыс істеу бір ғанибет», – деген жазды тағы бір қолданушы.

Ал енді бірі бұл әрекетті тәрбиемен байланыстырған.

«Мәселе қай елдің туы құлағанында емес. Бала жерде жатқан туды аттап өтуге болмайтынын түсініп өскен. Ішкі тәрбиесі дұрыс. Мұндайды көру қуантады. Әзербайжанға сәлем», – делінген пікірлердің бірінде.

«Міне, құрмет деп осыны айт. Бұның артында үлкен саясат жатыр емес пе. Рахмет балам, өркенің өссін», – деп ұлкендео ақ тілегін жаудырған.

ҚЫРҒЫЗ ТУЫН КӨТЕРГЕН ҚАЗАҚТАР

Бұған дейін қазақстандықтар АҚШ-та өткен Turkish Day Parade шеруінде де көптің назарын аударған еді. Шеруге қатысушылар колонналар арасында Қырғызстан өкілдері жоқ екенін байқап, қырғыз туын өздері алып шыққан.

Бұл туралы Жасұлан есімді отандасымыз Instagram парақшасында жазды.

— Қырғыз туы шетте қалып, ешкімге керек емес сияқты көрінді. Біз оны өзімізбен бірге алып жүруге рұқсат сұрадық — рұқсат берді. Шеру кезінде тудың қателесіп төңкеріліп кеткенін байқадық. Колонна қозғалып жатқандықтан, оны бірден түзете алмадық, бірақ кейін дұрыс қалпына келтірдік, — деп жазды Жасұлан.

Осыдан кейін қазақстандықтар Қырғызстан мен Қазақстан туларын қатар алып жүрген.

— Үйден қаншалықты алыс жүрсек те — қазақ пен қырғыз бір туған. Осындай сәттерде елден жырақта жүріп, бірлігіміздің күшін ерекше сезінесің, — деп жазды автор.