Үш өңірде такси қызметі күрт қымбаттады

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Елімізде такси қызметіне сұраныс та, оның бағасы да айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӨСІМНІҢ СЕБЕБІ

Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл қызметті пайдаланған жолаушылар саны 69,7 пайызға артқан. Жалпы жолаушылар тасымалындағы таксидің үлесі 11,5 пайызға жеткен.

Мамандар мұндай өсімді өткен жылдан бері басталған такси нарығының «көлеңкеден шығу» үдерісімен байланыстырады. Платформалық жұмыспен қамту жүйесі іске қосылғаннан кейін ресми кірістер мен жолаушылар ағыны күрт көбейген.

ҚАЙ ӨҢІРДЕ ҚАТТЫ ҚЫМБАТТАДЫ?

Сонымен бірге такси қызметі де біртіндеп қымбаттап келеді. Сәуір айында баға өткен жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға өскен. 

Ең жоғары өсім Ақмола облысында тіркелген — 45,3 пайыз. Одан кейін Алматы қаласы (27,3 пайыз) және Атырау облысы (25,4 пайыз) тұр. Астанада баға 18 пайызға, Шымкентте 10,8 пайызға өскен. Ал ең төмен өсім Солтүстік Қазақстан облысында байқалған — 2,2 пайыз.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы бір жылда такси бағасы ай сайын шамамен 1–2 пайызға көтеріліп отырған. Өткен жылдың маусымында  бір ай ішінде 4,7 пайыздық күрт өсім болған.

Бағаның өсуіне жанармай мен автокөлік бөлшектерінің қымбаттауы, жүргізушілер жалақысының көтерілуі және агрегаторлардың комиссиясының артуы әсер еткен. Сонымен қатар жеке тасымал қызметіне сұраныс көбейген, ал нарықтағы бәсеке әлсіз болғандықтан, ірі тасымалдаушылар бағаны көтеруге мүмкіндік алған.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, бұдан бұрын елімізде такси тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізілген. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, енді тасымалдаушы такси қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті. Сонымен қатар, жаңартылған нысанда көлік құралы ауыстырылғанда және жаңадан көлік қосылғанда, яғни автопаркті жаңарту кезінде өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған.