«Ажырастым, 5 балам бар»: Сәрсемәлиев сотта өз өмірі туралы айтты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Атырауда әйелінің әке-шешесі мен бауырларын өлтірді деген күдікпен қамалған Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты басталды. Ол судьяның сұрақтарына жауап беріп, өз өмірі туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Оның айтуынша, ол Атырау облысы Махамбет ауданында дүниеге келген, орта білімі бар және еш жерде тұрақты жұмыс істемеген.

– Мен Махамбет ауданында туғанмын, білімім – орта. Тұрақты жұмысым болған жоқ. 2022 жылдың қыркүйегінде ресми түрде ажырастым, бес балам бар. Әскерде қызмет еттім, – деді ол сотта.

Сәрсемәлиевке екі және одан да көп адамды өлтірумен қатар, ұрлық және алаяқтық баптары бойынша да айып тағылған. Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.

Бұдан бұрын Сәрсемәлиев кінәсін толық мойындаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, күйеу бала қайын атасы, қайын енесі және олардың балаларын өлтіргеннен кейін отбасының малын сатып, банк карталарындағы ақшаны шешіп алған. Кейін сол қаражатпен шетелге қашуға әрекеттенген.

Ал әйеліне келсек, бұдан бұрын облыстық прокуратура Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасы мен бауырларының өліміне қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Алайда әйелге қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Қазір қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс қаралып жатыр. Құқық қорғау органдары Мұқанғалиеваға жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысын күтіп отыр. Соның нәтижесінде оның қанды оқиға жайлы біле тұра үндемегені үшін қандай жазаға тартылатыны белгілі болады.

Қылмыс тарихы

Еске салайық, Атырау облысы Женгелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың желтоқсан айының соңында із-түзсіз жоғалып кеткен.

Кейін 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның денелері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астынан табылды.

Сәрсемәлиев пен оның әйелі халықаралық іздеуге жарияланып, 2026 жылдың ақпанында Бали аралында ұсталған. Қазақстанға экстрадицияланғаннан кейін Сәрсемәлиев Қарабалиндердің ұлы мен қызының мәйіттері жасырылған орынды өзі көрсеткен. Олардың сүйектері Атырау маңындағы жалдамалы үйдің ауласынан табылды.