АҚШ пен Иран арасындағы соғыс әлем бойынша компанияларға кемінде 25 миллиард доллар көлемінде қосымша шығын әкелген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙ САЛА КӨП ШЫҒЫН ТАРТТЫ?
Reuters агенттігінің талдауына сүйенсек, ең көп зардап шеккен сала — әуе тасымалы: әуе компаниялары шамамен 15 миллиард доллар қосымша шығынға ұшыраған. 279 компания қаржылық шығынды азайту үшін түрлі шараларға барған. Еуропалық компаниялар басқа аймақтарға қарағанда екі есе жиі болжамдарын қайта қараған.
Агенттік зерттеуі АҚШ, Еуропа және Азия қор биржаларында тіркелген компаниялардың мәлімдемелеріне, есептіліктеріне және қаржылық нәтижелеріне негізделген. Компаниялар энергия бағасының күрт қымбаттауымен, жеткізу тізбектерінің бұзылуымен және Иранның Ормуз бұғазына ықпалы салдарынан сауда бағыттарының үзілуімен бетпе-бет келген.
Еуропадан 130 компания, Азиядан 61, АҚШ-тан 59, сондай-ақ Австралия мен Жаңа Зеландиядан 18 және басқа өңірлерден 7 компания болжамдарын төмендеткен.
ТАЯУ ШЫҒЫС МҰНАЙЫНА ТӘУЕЛДІЛІК
Зерттеуге енген 279 компанияның кемінде бестен бірі соғысты тікелей қаржылық шығын себебі ретінде атаған. Ең көп зардап шеккендер — Еуропа мен Ұлыбританиядағы компаниялар, себебі бұл аймақта энергия бағасы бұрыннан жоғары. Азия компаниялары да айтарлықтай шығын көрген, бұл өңірлердің Таяу Шығыс мұнайына тәуелділігін көрсетеді.
Салалар бойынша ең көп шығынға ұшырағандар:
– әуе компаниялары (45 компания),
– химия өнеркәсібі (32),
– күнделікті тұтыну тауарларын өндірушілер (29),
– мұнай-газ секторы (28),
– автокөлік өнеркәсібі (22),
– логистика (16).
Әуе компанияларының үлесіне жалпы қосымша шығындардың шамамен 15 млрд доллары тиесілі. Автоөнеркәсіп пен оның жеткізушілері 5,5 млрд доллар, тұтыну тауарлары 2,4 млрд доллар, ал круиз және теңіз тасымалы компаниялары 1,36 млрд доллар жоғалтқан.
Toyota компаниясы 4,3 млрд доллар шығын болатынын ескерткен, ал Procter & Gamble салықтан кейінгі табысының 1 млрд долларға азайғанын мәлімдеген.
Whirlpool бас директоры Марк Битцердің айтуынша, қазіргі құлдырау деңгейі жаһандық қаржы дағдарысы кезіндегі жағдайға ұқсас, тіпті кей кезеңдерде одан да ауыр. Оның сөзінше, тұтынушылар жаңа тауар сатып алудан гөрі ескісін жөндеуге көбірек бет бұрған.