Қазақстанның басым бөлігінде алдағы үш күнде күн райы ашық болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Синоптиктердің болжамынша, кезеңнің басында антициклон жотасы республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында жылы әрі ашық ауа райын сақтайды. Ал батыс және оңтүстік облыстар бұрынғыдай оңтүстік циклонның ықпалында болады. Осыған байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел соғады, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін.
19 және 21 мамырда Қызылорда мен Түркістан облыстарында, ал 19-21 мамыр аралығында Жамбыл облысында нөсер жаңбыр жауады. Температуралық фон айтарлықтай өзгермейді. Ауа температурасы батыс пен оңтүстікте +27…+35 градусқа дейін, шығыста +20…+28 градусқа дейін көтеріледі.
«20-21 мамыр күндері солтүстік циклонның әсерінен елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Осы күндері қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанады. 21 мамырда күндіз Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы +10…+18 градусқа дейін, ал елдің орталығында +15…+23 градусқа дейін төмендейді», – делінген синоптиктер болжамында.
Айта кетейік, бұдан бұрын мамандар ауа райының құбылмалылығына қарамастан, Қазақстанның басым бөлігінде құрғақшылыққа байланысты өрт қаупі сақталатынын ескерткен. Атап айтқанда, Қызылорда облысы аумағында, сондай-ақ Ақтөбе облысы мен Қарағанды облысы облыстарының оңтүстік бөліктерінде жоғары деңгейдегі қауіп жарияланған. Сонымен қатар, Павлодар облысының шығысында, Жетісу облысының оңтүстік-шығысында және Ұлытау облысының орталық бөлігінде де төтенше өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.