Желіде Қазақстандағы кей мейрамханаларда ит еті қолданылуы мүмкін деген мәлімдеме қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТІЗІМДЕ АТАҚТЫ МЕЙРАМХАНАЛАР БАР
Бұл туралы тележүргізуші әрі блогер Тимур Балымбетовтің “Честно говоря” атты подкастында айтылды.
Подкаст қонағы – «Аманат» партиясы жанындағы республикалық экологиялық кеңестің мүшесі Сергей Снегирёвтің айтуынша, бұған дейін Астанада қоғамдық тамақтану орындарына ет өнімдерін жеткізуге қатысты іс сотта қаралған.
«Әңгіме жекелеген жағдайлар туралы емес, өндірістік көлемде дайындалған ит еті жайлы болып отыр. Көпшілік бірден ойлағандай, корейдің дәстүрлі асханасы емес. Мәселе қоғамдық тамақтану орындарына қатысты. Оның ішінде Астанадағы дәмханалар мен мейрамханалар да бар. Мұны сот та растаған. Екі жыл бұрын осыған байланысты сот өтті.
Қолымызда осындай мейрамханалардың тізімі болды. Арасында танымал франшизалар да бар. Олар, былайша айтқанда, тұтас ет емес, аралас фарш сатып алған. Қарапайым тілмен айтсақ, құрамына ит еті қосылған фарш», — деді Снегирёв.
Ол нақты жеткізушінің атын атамады. Алайда ит аулауға мүмкіндігі, ресурсы және тиісті тәжірибесі бар құрылымдарды меңзеді.
КОНТЕКСТ
Осыған ұқсас оқиға 2023 жылдың ақпанында болған. Тергеу мәліметінше, Ақмола облысы Шортанды ауданындағы 41 жастағы тұрғын қаңғыбас иттерді ұстап, сойып, етін сатып жүрген деген күдікке ілінген. Тінту кезінде одан шамамен 750 келі ет өнімі табылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, еттің бір бөлігі Астанадағы дәмханалардың біріне өткізілген болуы мүмкін. Кейін ол мекеме шамамен 150 келі өнім сатып алғанын растаған.
Күдіктінің бұрын ветеринария саласында жұмыс істегені айтылған. Сот оған 200 АЕК көлемінде айыппұл салған. Бұл — шамамен 690 мың теңге.