«Халық әртісі» атанған Азат Сейтметов Өзчивиттен қалай озды?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Президенттің қолынан "Қазақстанның Халық әртісі" атағын алған театр және кино актері Азат Сейтметовтің қызы, белгілі блогер Айым Сейтметова әкесінің бұл жоғары марапатқа қалай  жеткенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Актердің ұлы

Азат Сейтметов – қазақтың белгілі актері Қазақ КСР-нің Халық әртісі Райымбек Сейтметовтің ұлы. Айым Сейтметованың айтуынша, танымал тұлғаның баласы болу – үлкен жауапкершілік.

«Менің атам актер, режиссер әрі жазушы болған адам. Сол себепті де әкемді әрдайым атамызбен салыстыратын, оның шығармашылық жолы ешқашан оңай болған жоқ», – деді актердің қызы.

Кәсіпке адалдық

Айым әкесінің 40 жыл ғұмырын өнерге арнаған әкесі талантын толық ашатын, көрермен жадында мәңгі сақталатын даңқты рөлін ұзақ күткенін айтады. Десе де, ол мамандығына ададығын жоғалтпаған. Соның арқасында оған көп күткен рөлі бұйырды. Актердің потенциалын көрсетіп, қалың көрерменге жаңа қырынан танытқан жоба – «Qazaqstan» ұлттық арнасында жарық көрген «Әке» телехикаясы еді. 

Телехикаяны шетелдік мамандар да жоғары бағалады. Осы туындыдағы рөлі үшін Сеулде өткен Seoul International Drama Awards халықаралық байқауында Азат Сейтметов «Үздік актер» (Best Actor) марапатын жеңіп алды.  Ол дәл осы аталымда бақ сынаған түріктің атақты актері Бурак Өзчивиттен озған.

Айымның сөзінше, осындай үлкен халықаралық табыстар мен мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға қарамастан, Азат Сейтметов қарапайымдылығын жоғалтпаған. 

«Әке, сен бұл марапатқа әбден лайықсың. Сенің қызың болғанымды әрқашан мақтан тұтамын! Бүкіл жетістіктеріне қарамастан, әкем мен білетін ең мейірімді, ең қарапайым адам болып қала береді», – деп жазды Айым Сейтметова желідегі парақшасында.

Еске салайық, кеше мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнін орай президент  бірқатар мәдениет қызметкерлерін марапаттады. Еңбегі бағаланып, құрметке ие болған мамандардың толық тізімін жариялағанбыз.