Құпияның тарап кетуі: шенеуніктер науқастардың жеке дерегін қалай қорғамақ?

Ulysmedia

Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің құпия деректерін қорғауға қатысты медициналық ұйымдарға қойылатын техникалық және ұйымдастырушылық талаптарды жаңартуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тиісті заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 2026 жылғы 8 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

«Түзетулер медициналық ақпаратты қорғау жүйесін жетілдіруге, киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға және денсаулық сақтау саласындағы жеке деректермен жұмыс істеудің бірыңғай тәртібін қалыптастыруға бағытталған», – делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.

Министрлік цифрлық сервистердің дамуы ақпараттық қауіпсіздік тетіктерін үнемі жаңартып отыруды және медициналық ақпараттық жүйелерге қойылатын техникалық талаптарды жетілдіруді қажет ететінін атап өтті.

«Жоба меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдардың пациенттердің жеке медициналық деректеріне қол жеткізу тәртібін нақтылауды көздейді», – делінген құжатта.

Сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйелердегі қолданушылардың қолжетімділік деңгейін қатаңдату және пациент деректерінің құпиялығын сақтауға қатысты техникалық әрі ұйымдастырушылық талаптарды жаңарту ұсынылып отыр.

Өзгерістер азаматтардың медициналық көмек алу құқығын шектеуге емес, тек медициналық ақпаратты сақтау мен өңдеудің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Министрлік жаңа талаптар пациенттердің жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу қаупін азайтып, медициналық мәліметтердің қорғалуын күшейтеді деп есептейді.

ҚОЛДАН-ҚОЛҒА ӨТКЕН ДЕРЕКТЕР

Еске салайық, бұдан бұрын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кураторлар мен студенттердің мессенджерлердегі топтарында білімгерлер мен қызметкерлердің жеке деректері, соның ішінде медициналық құпияға жататын мәліметтер тарап кеткен. Бұл туралы редакциямызға университет куратор-эдвайзерлерінің бірі мәлімдеген

Мәлімет берушінің айтуынша, соңғы уақытта факультеттер деңгейінде кураторлар чатына «мониторинг» түрінде  түрлі ақпараттар жіберіліп, олар әрі қарай студенттерге ешбір сүзгісіз таратылған. 

ЖОО-ның баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.