Трамп: АҚШ пен Иран келісімге келуге жақын

Ulysmedia
air.org.ua

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге келуге жақын. Бұл жөнінде президент Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзінше, Вашингтон Тегеранмен соғысты тоқтатып, Ормұз бұғазын ашуға байланысты келісімге келуге жақын.

Трамп Truth Social желісінде жариялаған жазбасында келісімнің «басым бөлігі» келісілгенін айтты. Оның сөзінше, құжаттың соңғы мәселелері пысықталып, техникалық тұстары талқыланып жатыр және ол жақын уақытта жарияланады.

Axios мәліметінше, Трамп айтып отырған келісім әзірге бітімді 60 күнге ұзартуды көздейді. Осы кезеңде Ормұз бұғазы арқылы кемелер баж салығын төлемей, еркін өте алады, ал Иран бұғазды миналардан тазартуға міндетті болады.

Өз кезегінде АҚШ Иран порттарына қойылған блокаданы алып тастайды. Тегеранға қарсы салынған санкциялардың кейбірін жеңілдетіп, мұнайды еркін экспорттауға мүмкіндік жасайды.

Келісім жобасында Иранның ядролық бағдарламасы туралы да жазылған. Ол бойынша, Тегеран уран байыту бағдарламасын тоқтатуы тиіс және жоғары деңгейде байытылған уран қорларын елден шығаруға келісуі қажет.Осы талаптар орындалған жағдайда, алпыс күн ішінде АҚШ Иранмен санкцияларды алып тастау, активтерді бұғаттан босату мәселелерін талқылауға дайын.

ТЕГЕРАН ҰСТАНЫМЫ

Иранның Fars агенттігінің хабарлауынша, Тегеран Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын соғысқа дейінгі кезеңдегі жағдайға келтіруге дайын.  Алайда ол «еркін өту режиміне» толық оралу дегенді білдірмейді.

Агенттік мәліметінше, Ормұз бұғазын басқару және кемелердің өтуіне рұқсат беру құқығы бұрынғыдай Иранның бақылауында қалады.

Сондай-ақ Fars агенттігі Дональд Трамптің мәлімдемесін «толық емес, әрі шындыққа сәйкес келмейді» деп атады.Ал Иран президенті Масуд Пезешкиан Вашингтонға деген сенім аз екенін айтты.

– Біз келіссөздерге әлі де дайынбыз, алайда АҚШ-пен өткен келіссөздердің тәжірибесі бізді барынша сақ болуға мәжбүрлейді, — деді Масуд Пезешкиан.