Соңғы қоңырау: Қазақстанда қанша оқушы мектеп бітірді

Ulysmedia
фото: almaty.tv

Бүгін елімізде 215 мыңнан астамы оқушы мектеп бітірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Толығырақ

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, республика бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтады.

 

- Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етіп жатыр, - деп аталып өткен Оқу-ағарту министрлігі мәліметінде.

Бүгін Қазақстанның барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыт ретінде ерекше назар аударылады. Оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер мен көруге ұсынылатын фильмдер тізімі таныстырылады.

Қорытынды емтихан қашан тапсырылады?

Бұдан бұрын 2025–2026 оқу жылындағы қорытынды аттестацияны өткізу тәртібі бекітілген. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 2026 жылғы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Олар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады.

Ал 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 2026 жылғы 2 маусым мен 15 маусым аралығында өтеді. Оқушылар бес емтихан тапсырады, оның бірі ауызша форматта өткізіледі.

Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанаты білім беру ұйымдарында 2026 жылғы 17–18 маусым аралығында өтеді.

Аттестат тапсыру іс-шарасы мектеп басшысының бұйрығы негізінде, ата-аналар комитетімен келісу арқылы мектеп ғимаратында өткізіледі.

Салтанатты кештерге тыйым 

Сондай-ақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектеп қабырғасынан тыс жерде салтанатты кештер өткізуге тыйым салған. Аттестаттарды табыстау рәсімі тек мектеп ғимараттарында ұйымдастырылуы тиіс деген қатаң талап қойылды.

Осыған орай Алматы қаласының полициясы мектеп түлектерінің ата-аналары мен ұстаздарына үндеу жасады.

- Жыл сайын мерекелік іс-шаралардың бақылаудан шығып кететін жағдайларымен бетпе-бет келеміз. Әсіресе коттедждерді жалға алу, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, сондай-ақ автокөліктермен қауіпті серуендер ұйымдастыру және “кортеждер” үлкен алаңдаушылық туғызады. Жасөспірімдер әсерлі бейнеролик түсіреміз деп жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жағдайда, оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, – делінген хабарламада.