Жаздыгүні каникулға шыққан жасөспірімдерге қадағалау болмаса, көптеген келеңсіз жайтқа тап болуы мүмкін. Әсіресе ер балалар үйіндегі көлікті тізгіндеуге құмартады. Алайда бұл әрекеттің салдары ауыр. "Қаржылық сауат" Telegram-арнасы мұндай жағдайда ата-ана қанша айыппұл арқалайтынын есептеп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балаға көлік берген ата-ана қалай жазаланады?
Кәмелетке толмаған бала көлік жүргізіп ұсталса, 3 түрлі айыппұл төлеуге дайын болу керек. Ондай жағдайда тек бала емес, көлік иесі мен ата-анасы да қатар жазаланады.
1. Куәлігі жоқ адам көлік айдаса, 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл салынады (ӘҚБтК 612-бап, 2-бөлім).
2. Көлік жүргізуге құқығы жоқ балаға өз еркімен тізгін берген көлік иесіне (ол әкесі, анасы немесе туысы/танысы болуы мүмкін) 50 АЕК, яғни 216 250 теңге айыппұл кеседі (ӘҚБтК 612-бап, 5-бөлім).
Бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін тағы 10 АЕК, яғни 43 250 теңге айыппұл қосылады (ӘҚБтК 127-бап, 1-бөлім).
Жалпы шығын: 80 АЕК — 346 000 теңге.
Тағы нені білген жөн?
Қазақстанда әкімшілік жауапкершілік 16 жастан басталады. Егер бала 16-дан асқан болса, 86 500 теңге айыппұл оның өз атына жазылады (табысы болмаса, бәрібір ата-анасы төлейді). 16 жасқа толмаған болса, оған бұл баппен айыппұл салынбайды, бірақ іс арнайы комиссияға кетіп, ата-анасы 127-баппен (43 250 теңге) міндетті түрде жазаланады. Ал, егер көлікті өздері бергені дәлелденсе, онда ата-ана бала тәрбиесі үшін ғана емес, көлікті өз еркімен бергені үшін де (50 АЕК) жауап беруі мүмкін.
Егер ата-ана «кілтті бізден жасырып алып кетіпті» деп ақталса, 216 250 теңгелік айыппұлдан құтылуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда баланың үстінен Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша «Көлікті заңсыз айдап кету» бабымен қылмыстық іс қозғалады.
Мас күйде көлік тізгіндесе немесе ол жол апатымен аяқталса?
Егер жасөспірім рөлде мас күйінде ұсталса немесе біреуді қағып кетсе, әкімшілік жаза аяқталады. Іс бірден Қылмыстық кодекске ауысып, бала сотты болуы мүмкін.