Шығыс Қазақстан облысында көрші мемлекеттің 17 азаматы ел аумағынан шығарылды. Олар Қазақстанға бір ай бұрын келіп, тиісті құжаттарды рәсімдеместен, жұмыс істеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметінің қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұза отырып, еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген шетелдік азаматтарды анықтау мақсатында аймақтағы құрылыс нысандары мен базарларға тексеріс жүргізген.
Осылайша Өскемен қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз еңбек етіп жүрген көршілес мемлекеттің 17 азаматын анықтады.
“Шетел азаматтары облыс аумағына шамамен бір ай бұрын келіп, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеместен, 10 күннен астам уақыт бойы нысанда жұмыс істеген. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктер Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жүрген шетелдік азаматтардың уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметімен айналысуына тыйым салынатынын ескертеді. Заңнама талаптарын бұзу заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады”, – делінген хабарламада.