Шенеуніктер Шайдоровқа неге жалақы төлемегендерін түсіндірді

Анар Лепесова
Ұлттық Олимпиада комитеті

Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алты айға жуық уақыттан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шайдоровтың мәлімдемесі

Шайдоровтың айтуынша, әкімдік пен Ақордадағы салтанатты қабылдаулар аяқталғаннан бері оған жалақы төленбеген.

Спортшы мұны өзінің Спорт министрлігін сынаған пікірлерімен байланыстырады.

Еске салайық, министрлік 2025 жылы Шайдоровтың қанша жалақы алғанын жариялаған болатын. Бұл спортшының наразылығын тудырды. Оның пікірінше, шенеуніктер осылайша өзінің және отбасының жылдар бойғы еңбегін құнсыздандырып, Олимпиада алтынын жеңіп алудағы өз үлестерінің астын сызып көрсеткісі келген.

Сонымен қатар, Шайдоровтың сөзінше, министрлік 2023–2024 жылдары жаттығу шығындарын спортшының өзі мен демеушілерінің көтергенін айтпаған. Сол кезде бағдарламаларды қою, костюм тіктіру секілді барлық шығындарды өзі қаржыландырған.

— Осы мәселе туралы ашық айтқаннан кейін мені жазалағысы келген сияқты. Олимпиададағы жеңісіме бес ай болды, бірақ әлі күнге дейін жалақы алған жоқпын. Бұл маған түсініксіз жағдай. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ оны қалай жүзеге асыратынымды білмеймін. Жаттығу жиындарының уақыты белгіленген, жаңа бағдарламаларды дайындау мерзімдері де жоспарланған. Бағдарламаларды қою шығындарын өтей ала ма деп бірнеше рет сұрадық. Бірақ бір жауапты адам бірдеңе айтса, екіншісі мүлде басқа жауап береді, — деді Олимпиада чемпионы журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында.

Спортшы сондай-ақ 1 ақпаннан бастап медициналық бақылаудан да айырылғанын айтты. Себебі оның командасындағы дәрігер қызметтен алынған.

Министрлік не дейді?

Шайдоровтың мәлімдемесі БАҚ-та қызу талқыланғаннан кейін Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы спортшымен ынтымақтастықтың құқықтық және қаржылық қырларына байланысты ресми түсініктеме берді.

«Спортты дамыту дирекциясы құрамындағы спортшыларға жалақы қолданыстағы келісімшарттарға сәйкес төленеді. Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы еңбекақысы бұрынғы келісім бойынша толық көлемде берілді. Наурыз айынан бастап жаңа олимпиадалық кезеңнің басталуына байланысты жаңа еңбек шарты жасалуы тиіс болатын. Бұл құжатта спортшының жоғары жетістігі мен мәртебесіне сай қаржыландыру шарттары едәуір жақсартылған. Қазір келісімшарт жобасы тараптар арасында талқыланып, заңдық тұрғыдан келісу кезеңінде тұр. Осыған байланысты құжатқа қол қою мерзімі созылып кетті. Жаңа келісім жасалғаннан кейін төлемдер бірден қайта жалғасады», – делінген Дирекцияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сонымен бірге ведомство Олимпиададағы жетістігі үшін спортшыға тиесілі барлық мемлекеттік қолдау толық көлемде көрсетілетінін мәлімдеді. Миландағы Олимпиада ойындарында жеңіп алған алтын медалі үшін Шайдоровқа:

  • 250 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы;
  • Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер;
  • Қазақстан заңнамасына сәйкес өмір бойы төленетін ай сайынғы мемлекеттік төлемдер қарастырылған.

Спортты дамыту дирекциясы қазіргі уақытта спортшы және оның командасымен тұрақты байланыста екенін айтып, барлық құқықтық рәсімдер жуық арада реттелетініне сендірді. Мекеме өкілдерінің пікірінше, бұл Шайдоровқа назарын толықтай жаттығу мен жаңа спорттық белестерді бағындыруға аударуға мүмкіндік береді.

Шайдоров жайлы

Михаил Шайдоров — жеке сайыста өнер көрсететін мәнерлеп сырғанаушы. Ол 2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сында алтын медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтын медалі болды.