Әскерден мүгедек боп оралған Ербаянның жағдайы күрт нашарлады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

2024 жылы әскерден үйіне мүгедек болып оралған сарбаз Ербаян Мұхтардың жағдайы нашарлап кетті. Ол жансақтау бөліміне түсіп қалған. Бұл туралы оның дәрігері мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ербаян Мұхтардың дәрігері Ұлпан Советбекова Instagram желісінде мәлімдеме жасап, Ербаянның жағдайы нашарлағанын жеткізді.

"Көпшілігіңіз мені Мұхтар Ербаянның оңалту және қалпына келтіру маманы ретінде танисыздар. Ресми түрде мәлімдеймін: кеше Мұхтар Ербаян шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта мен өзім де ем қабылдап, аурухана парағында жүргеніме қарамастан, Ербаянның ата-анасының өтініші бойынша осы мәлімдемені жасап отырмын", - деп жазды ол.

Дәрігер ол жансақтау бөлімінде жатқанын, ал ата-анасы оның денсаулығына қатысты қажетті ақпараттарды толық ала алмай отырғанын атап өтті.

"Сол себепті баршаңыздан бейжай қалмай, қолдан келгенше көмектеріңізді аямай, қолдау білдірулеріңізді сұраймыз. Оған дұға жасап, жақсы тілектеріңізді арнаңыздар. Қазіргі сәтте бұл ол үшін де, отбасы үшін де өте маңызды. Қолдау білдіріп, алаңдап жүрген әрбір жанға үлкен рақмет!", - деп жазды ол.

Контекст

Айта кету керек, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді. 

Ербаян Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Бірнеше айдан кейін комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген. Әскерге кетпес бұрын жас жігіттің дені сау болған, спортпен шұғылданған.