«Росатом» басшысы Алексей Лихачев Қазақстанда АЭС құрылысы 2027 жылы басталып, үш жыл ішінде аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЛІСІМГЕ ӘЛІ ҚОЛ ҚОЙЫЛМАҒАН
Лихачевтің мәлімдемесін Reuters жариялады.Оның айтуынша, Балқаш АЭС-і құрылысы жайлы келісімге Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапары барысында қол қойылмақ.
«Росатом» басшысы Қазақстанда салынатын екінші АЭС құрылысы жайлы да сөз етті. Қазақстан оның құрылысын Қытай ұлттық аядролық корпорациясы (CNNC) жүргізетінін мақұлдаған.
«Бізге Қазақстанның екінші электр станциясына қатысты шешімі туралы ресми түрде хабарлаған жоқ. Осындай мәлімет ала салысымен, бәлкім, жақын уақытта біз бірден келіссөздерге кірісіп кететін шығармыз», – дейді Лихачев.
Қазақстанда кем дегенде үш АЭС салуды көзделген. «Балқаш» деп аталатын алғашқы атом станциясын «Росатом» тұрғызады.
ПУТИННІҢ САПАРЫ
Еске салайық, Ресей басшысы 27 мамырда Қазақстанға ресми сапармен келді. Ол 29 мамырға дейін Астанада болады.
Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысады. Биыл Қазақстан төрағалық етіп отырған бұл жиынның басты тақырыбы – цифрлық даму қарқыны және одақ ішіндегі сауда кедергілерін жою үшін жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану.
Сонымен қатар, 2030 және 2045 жылдарға арналған интеграциялық стратегиялық жоспарлар бекітіледі.
Мемлекеттік сапар аясында Путин мен Тоқаевтың жабық форматтағы келіссөздері де жоспарланған.