Украина Жоғары Радасы Еуроодақтан 90 миллиард еуро неси алу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Украина Жоғарғы радасы Еуропалық одақпен жасалған ауқымды келісімді ратификациялады. Құжатқа сәйкес, Украинаға 2026–2027 жылдары 90 миллиард еуро көлемінде несие беріледі.
Сонымен қатар, тараптар көмек көрсету шарттары бекітілген өзара түсіністік туралы меморандумды мақұлдады. Қаржылай қолдау ЕО бюджеті есебінен қамтамасыз етіледі.
27 мамыр күні Брюссель мен Киевте қол қойылған келісімді 28 мамыр, бейсенбі күні өткен отырыста Украина парламентінің 298 депутаты қолдап дауыс берді. Қарсы шыққандар болмады, бір депутат қалыс қалса, тағы 11 парламентарий дауыс беруге қатыспаған.
Контекст
Украинаға арналған екі жылдық 90 миллиард еуро көлеміндегі несие бағдарламасы 2025 жылдың желтоқсанында келісілген болатын. Украина бесінші жыл қатарынан Ресейдің кең ауқымды әскери агрессиясына қарсы төтеп беріп келеді.
Алайда келісім ұзақ уақыт бойы Венгрия үкіметінің қарсылығына байланысты бұғатталып тұрды. Елдегі билік ауысқаннан кейін венгр тарапының ветосы алынып тасталып, несие ресми түрде мақұлданды.
Қаржыны Еуропалық комиссия атынан Еуропалық одақ береді.
Қаражат қару-жарақ сатып алуға, соғыстың салдарын еңсеруге және Украина экономикасының тұрақтылығын сақтауға бағытталады.
Несиеге қызмет көрсету шығындарының барлығы ЕО бюджеті есебінен өтеледі. Ал Киев бұл қарызды тек Ресейден репарация алған жағдайда ғана қайтарады.