Жұмыссыз қалмас үшін қай мамандықтарды таңдау керек – министрдің кеңесі

Ulysmedia
gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев 2026 жылғы Еуразиялық экономикалық форум кулуарында қазақстандық мектеп түлектері мен талапкерлері қай мамандықтарға назар аударуы керектігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ?

Министрдің айтуынша, мамандық таңдауға қатысты сұрақ туындаған кезде алдымен Enbek.kz порталы мен «Мансап компасы» кәсіби бағдарлау платформасына жүгінген дұрыс. Онда алдағы жылдары сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы нақты ұсыныстар берілген.

– Бұл – студенттерге арналған бағыт-бағдар. Олар елде қай саланың мамандарына ұзақ мерзімде сұраныс болатынын түсінуі керек, – деді министр.

Ертаевтың айтуынша, қазіргі ресми тізімде сұранысқа ие 52 мамандық бар. Олардың қатарында дәрігерлер, IT мамандары, инженерлер және өңдеуші өнеркәсіп саласының қызметкерлері бар.

Алайда министрлік бұл тізімді қайта қарап жатыр. Оның сөзінше, қазір елде сұранысқа ие мамандықтар саны 170-ке жеткен.

– Біз бұл тізімді талдадық, ол кеңейіп жатыр. Соның ішінде атом энергетикасы сияқты жаңа бағыттар да бар, – деді ол.

Министрдің айтуынша, жақында ведомствоға бұл тізімді 200 мамандыққа дейін кеңейту ұсынылған. Жаңартылған нұсқа бір ай ішінде жарияланбақ.

Жаңа тізімге тау-кен өндірісі, денсаулық сақтау, білім беру, IT саласы және креативті индустрия мамандары енгізіледі.

ЖИ ҚАНДАЙ МАМАНДАРҒЫ ЫҒЫСТЫРАДЫ?

Айта кетейік, бұдан бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2035 жылға қарай мамандықтардың жартысына жуығы, яғни 44%-ы жасанды интеллекттің ықпалымен трансформацияланатынын мәлімдеген. Кейбір мамандықтарға сұраныс азаяды, ал жұмыс орындарының шамамен 4%-ы, яғни 46 кәсіп қысқарады, 14-і мүлде жойылады.