АҚШ пен Иран 60 күндік өзара түсіністік туралы меморандум жобасы бойынша келісімге келді. Құжат күшіне енсе, тараптар арасындағы атысты тоқтату режимі сақталып, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді бастауға жол ашылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМП ӘЛІ МАҚҰЛДАМАҒАН
Америкалық екі шенеунікке сілтеме жасаған Axios басылымының хабарлауынша, Дональд Трамп әзірге соңғы шешімін шығармаған.
Иран тарапы әзірге бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
«Бұл құжаттың мақсаты – барлық тарапты келіссөз үстеліне отырғызу. Нақты мәселелер кейінгі келіссөздер барысында пысықталады», – деді америкалық шенеуніктердің бірі.
АҚШ билігінің өкілдері мәміленің негізгі шарттары сейсенбі күні-ақ келісілгенін айтады. Олардың сөзінше, кейін Иран тарапы қажетті рұқсаттарды алғанын және құжатқа қол қоюға дайын екенін жеткізген. Бірақ Тегеран мұны әзірге растамады.
ҚҰЖАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
Axios басылымының жазуынша, Трамп пен оның кеңесшілері бұған дейін де бірнеше рет келісімге жақындадық деп есептегенімен, келіссөздер талай мәрте тығырыққа тірелген.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, 60 күндік меморандумда Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы ешқандай шектеусіз жүзеге асатыны көрсетіледі. АҚШ шенеуніктерінің бірі бұл кемелерден алым алынбайтынын және олардың қудаланбайтынын білдіретінін айтты. Сонымен қатар Иран 30 күн ішінде бұғаздағы барлық минаны тазартуы тиіс.
АҚШ-тың теңіздегі қоршауы да кезең-кезеңімен алынып тасталады. Бұл коммерциялық кеме қатынасының қалпына келу қарқынына байланысты жүзеге асады.
Сондай-ақ Вашингтон Иранға мұнайды еркін экспорттауға мүмкіндік беретін санкциялық жеңілдіктер ұсынуы мүмкін. Өз кезегінде Тегеран ядролық қару әзірлемеу жөнінде міндеттеме алады.
Меморандум аясында алғашқы талқыланатын мәселелердің қатарында Ирандағы жоғары деңгейде байытылған уран қорын жою және ел аумағында уран байыту проблемасын реттеу бар.
АҚШ келіссөздер барысында санкцияларды жұмсарту және бұғатталған ирандық қаржыны босату мәселесін қарастыруға міндеттенеді.
Бұдан бөлек, құжатта Иранға гуманитарлық көмек пен қажетті тауарлардың жеткізілуін қамтамасыз ететін тетіктерді қалыптастыру қарастырылған.
Меморандумда Израиль мен Ливандағы «Хезболла» қозғалысы арасындағы соғысты тоқтату мәселесі де қамтылған. Бұл – Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында пікір қайшылығын туғызған тақырыптардың бірі.
Axios мәліметінше, келіссөздердің соңғы кезеңінде де АҚШ пен Иран күштері соңғы 48 сағат ішінде Ормуз бұғазында екі рет бетпе-бет келген.
Бұған дейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент келісім жасалмайынша, ирандық әуе компанияларына америкалық әуежайларға қонуға, жанармай құюға және билет сатуға шектеу қойылатынын мәлімдеген.
Сондай-ақ ол АҚШ кез келген мемлекеттік және корпоративтік құрылымдарға Ормуз бұғазы арқылы өткені үшін Иранға алым төлемеу жөнінде ескерту жасағанын айтты.