«Күйеуімнің көңілдесін үйімнің түбіне әкелді»: Көпбалалы ана әкімді кінәлап видео таратты

Ulysmedia
әлеуметтік желіден

Түркістан облысы Шардара ауданы Көксу ауылында тұратын көпбалалы ана жергілікті әкімдікке наразылығын білдірді. Оның сөзінше, әкімдік әлеуметтік осал санаттағы бір әйелге үй бермек болған, алайда шағымданушы баспананы дәл өз үйінің жанына тұрғызу туралы шешімге қарсы, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Төрт жылдан бері алысып келемін»

Өзін он баланың анасы екенін айтқан әйел бұл мәселеге байланысты әкімдікпен бірнеше жылдан бері келіспей жүргенін жеткізді.

«Менің әкімге қарсы шығып жатқан себебім – менің отбасымды ойрандап, төрт жылдан бері сол кісімен алысып келе жатырмын. Ол әйелмен де. Оның бес бала-шағасы бар. Үй бермесін демеймін, берсін. Бірақ менің үйімнің түбінде, көзіме сүйел қылып әкеп беріп отыр», – дейді тұрғын.

Ол көршілерінің де бұл шешімге қарсы екенін айтып, әкімнің өзіне қысым көрсеткенін алға тартты.

«“Қолыңнан келе ме? Ал істе, істегеніңді” деп мені менсінбей отыр. Менің қарсылығым – сол ғана. Үйді басқа жерден берсін», – деді әйел.

«Жалғызбасты ана деп көмектесіп жатыр»

Көпбалалы ана ауыл тұрғындарынан жиналған қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын да сынға алды.

«Менің он балам барына қарамай, бес баласы бар әйелге “жалғызбасты ана” деп көмектесіп жатыр. Әперме демеймін, әперсін. Бірақ менің дәл қасыма емес, әрірек жерден берсін», – деді ол.

Әкімнің сөзі де тарады

Әлеуметтік желіде тараған видеода әкімнің әйелге айтқан сөзі де бар.

«Егер осылай біреудің байымен шатысып, ырың-жырың болып жүретін болсаң, нотариусқа барамыз. Үйді босатасың. Келесі кезекте тұрған мұқтаж отбасыға бере саламыз», – деген әкімнің сөзі видеоға жазылып қалған.

Әзірге Түркістан облысы әкімдігі мен Шардара ауданы әкімдігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.