Бүгін Қазақстандағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдері Қарағанды облысындағы Спасск мемориалдық кешенінде өткен гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІС-ШАРАҒА КІМДЕР ҚАТЫСТЫ?
Рәсімге Полония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда мырза да қатысып, тоталитарлық режимдердің құрбандары болған, қуғын-сүргінге ұшыраған, жазықсыз сотталған, жер аударылған және ашаршылықтан қаза тапқан жандардың рухына тағзым етті.
Өткеннің қасіретті беттерін есте сақтау – тарихи жадыны сақтаудың, адам қадір-қасиетін құрметтеудің және болашақ ұрпақ үшін бейбіт әрі әділетті қоғам құрудың маңызды негізі.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына мәңгі тағзым, – деп жазылған әлеуметтік желідегі ақпаратта.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген.
КІМДЕР АТЫЛДЫ?
Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталды.
АҚТАУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды.
Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді.
Айта кетейік, бүгін президент Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасаған болатын.