Ислам Байрамуков Михаил Шайдоровқа қатысты дауға пікір білдірді

Қалижан Бектемір
Фото: Спорт істері комитеті

Еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына байланысты қоғамда туындаған пікірталасқа қатысты көзқарасын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«БАРЛЫҒЫН ЗАҢ АЯСЫНДА РЕТТЕУГЕ БОЛАДЫ»

Белгілі спортшы ең алдымен Михаил Шайдоровтың жетістігін ерекше атап өтіп, оның жеңісі Қазақстан спорты үшін маңызды оқиға болғанын жеткізді.

Бұл – ұзақ жылдық еңбектің жемісі. Оның жетістігіне бүкіл ел қуанды. Михаил Қазақстанның спорттағы беделін көтеріп, жанкүйерлердің зор сеніміне ие болды, – деді Байрамуков.

Оның пікірінше, қаржылық мәселеге қатысты дау-дамайды ушықтырудың қажеті жоқ. Ардагер спортшы мұндай түйткілдерді заң талаптарына сай әрі сабырлы түрде шешуге болатынын айтты.

Жүйе тәртіппен жұмыс істеуі керек. Сондықтан бұл мәселеден үлкен дау жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Барлығын заң аясында реттеуге болады, – деді ол.

Сондай-ақ Байрамуков спорт саласына бөлінетін қаражаттың мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатынын еске салып, оның жұмсалуына бақылау болуы табиғи жағдай екенін атап өтті.

СПОРТШЫЛАРДЫҢ ЖЕҢІСІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

Спортшылардың жеңісін әрдайым жоғары бағалаймыз. Бірақ бұл қаржы халықтың ақшасы екенін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан оның бөлінуі мен жұмсалуына қатысты талаптардың болуы заңды, – деді Олимпиада жүлдегері.

Ислам Байрамуков қазіргі Туризм және спорт министрлігінің жұмысына да оң бағасын беріп, соңғы жылдары спортшыларға жасалып жатқан жағдайлардың жақсарғанын айтты. Оның сөзінше, спорт саласына тәжірибелі мамандар мен бұрынғы кәсіби спортшылардың келуі жүйенің дамуына оң әсер етеді.

Сөз соңында ол қоғамды мәселені артық саясаттандырмауға шақырды.

Ең бастысы, елдің бірлігі мен спортшыларға деген қолдау. Бұл мәселе заң аясында шешімін табады деп сенемін, – деді Ислам Байрамуков.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақы дауына қатысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін Спортты дамыту дирекциясы спортшыға жалақы төленбегенін жаңа келісімшартқа әлі қол қойылмағанымен байланыстырып, түсіндірген. Сондай-ақ спортшы алты айға жуық уақыттан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеген болатын.

ШАЙДОРОВ ЖАЙЛЫ

Михаил Шайдоров — жеке сайыста өнер көрсететін мәнерлеп сырғанаушы. Ол 2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сында алтын медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтын медалі болды.