Төменгі және орта Көлсайды жалғайтын аспалы жол құрылысының құны 15 млрд теңге болады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Саты ауылдық округінің әкімі Нұрым Сағымжан жобаның сәтті таныстырылғанын және жер телімдеріне қатысты барлық мәселелер толық шешілгенін мәлімдеді деп жазады Қазақпарат. Ұзындығы 6,3 шақырым болатын аспалы жолдың құрылысы биыл басталады деп жоспарлануда. Жобаны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Аспалы жол бағыты Көлсай көлінен бірнеше шақырым жерде орналасқан үлкен автотұрақтан басталады. 500-ден астам автокөлікке арналған бұл тұрақтың құрылысы қазір аяқталу үстінде.
Әкімнің айтуынша, жоба қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Ағаш кесілмейді. Құрылысқа қытайлық технологияларды пайдалану жоспарланған.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің сайтында “Компания Строй Индустрия” ЖШС бастамашы болған Көлсай көлдерінің арасындағы аспалы жол құрылысы жобасы жарияланған еді. Оны жүзеге асыруға 15 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.
Жаңа аспалы жол екі көл арасындағы қатынасты жеңілдетіп, өңірдің туристік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады деп күтілуде. Сондай-ақ жоба Кеген ауданының туристік тартымдылығын арттырып, қазақстандық және шетелдік саяхатшыларды көбірек тартуға мүмкіндік береді.
«Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Хамит Ахметовтің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық паркке жоспарланған 450 мың адамның орнына 600 мың адам келген. Оның 128 мыңы шетелдік туристер.
Шетелден келген қонақтардың басым бөлігі Үндістан, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Франция, Ұлыбритания және Ресей елдерінен келген.
2024 жылы «Көлсай көлдері» МҰТП аумағына 395 мыңнан астам турист келген. Ұлттық паркке келушілер арасында ең танымал орындар Төменгі Көлсай көлі мен Қайыңды көлі. Бұл екі табиғи нысанға жалпы туристердің 99%-ы келеді.