Жаңаөзенде мұнайшылар қамаудағы белсенді Мұратбай Жұмағалиевті қолдап, бір сағатқа жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Жаңаөзен қаласында 4 маусымда «Өзенмұнайгаз» БЖБ мекемесінің жұмысшылары қамаудағы белсенді Мұратбай Жұмағалиевті қолдап, бір сағатқа жұмысты тоқтатты.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ондаған жұмысшының жиналып тұрғаны көрінеді. Жианалғандардың бірі, ортада сөйлеп тұрған адам президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, үндеу жариялап, белсендіге «әртүрлі құйтырқы әрекеттермен жалған айып тағылып» абақтыға қамалғанын айтады.
Азаттық радиосының жазуынша, сонда болған жұмысшылардың бірі видео 4 маусымда кешкі сағат 18.30 шамасында мекеме алдында түсірілгенін айтқан. Осыдан кейін мекемеге қалалық прокурор келіп, бірнеше жұмысшымен «әңгімелескен».
Жаңаөзен қаласының прокуратурасы әзірге бұған қатысты түсініктеме бермеді.
Ал адвокат Айгүл Айжарықова белсендіге кіріп шыққанын айтты.
– Кеше (4 маусымда - ред.) кірдік. Тергеуден бас тарттық. Себебі ол кінәлі санамайды. Сосын бізді сараптамамен таныстырды. Бір күн ішінде 108 грамм апиын табылған деп сараптама шығарып қойыпты. Бүгін санкция бойынша сот болуы керек, – деді адвокат Айгүл Айжарықова.
Контекст
3 маусымда Ақтауда белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің ұсталғаны белгілі болған еді. Полицияның хабарлауынша, белсендіден «есірткі табылып, тәркіленген».
Әлеуметтік желіде тараған видеода қара киген арнайы жасақтың белсендіні ұстағаны көрінеді. Видеолардың бірінде белсендінің «қалтама салып жіберді мыналар. Подстава жасап жатыр» деген сөзі естіледі. Ал жанындағы адам «мен саған қолымды да тигізбедім» дейді.
Туыстары мен достары ұстауды қоғамдық мәселелерді ашық айтып жүрген Мұратбай Жұмағалиевтің белсенділігімен байланыстырады.