Ауыл мұғалімі сотта өзіне қол жұмсады

Ulysmedia
Фото: видеодан алынды

Түркістан облысы Ордабасы ауданында мұғалім сотта өзіне қол жұмсауға әрекеттенген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.   

Толығырақ

Әлеуметтік желідегі деректерге сәйкес, жағдай 3 маусым күні аудандық сот ғимаратында болған. 24 жылдық еңбек өтілі бар педагог Х. Ерімбетов биыл қаңтар айында мектеп әкімшілігінің шешімімен жұмыстан босатылған. Жазба авторының айтуынша, ол бұл шешіммен келіспей, Түркістан облысының еңбек инспекциясына шағымданған. Тексеру нәтижесінде инспекция мектеп басшылығына оны қайта жұмысқа алу жөнінде екі рет нұсқама бергенімен, ол орындалмаған.

Осыдан кейін мұғалім сотқа жүгінген. Алайда еңбек дауына қатысты іс бірнеше ай бойы шешілмегені айтылады. 28 мамыр күні өткен сот отырысында педагог судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен. Кейін оған сотқа бағынбау бойынша әкімшілік іс қозғалып, 5 тәулікке қамауға алу туралы шешім шыққан.

«Алты баланың әкесі бес айға жуық уақыт жұмыссыз қалып, соның салдарынан күйзеліске түскен. Қолында Түркістан облыстық еңбек инспекциясының оны қайта жұмысқа орналастыру жөніндегі нұсқамасы болса да, ол аудандық сотта әділдік іздеуге мәжбүр болған. Нәтижесінде жағдай осындай деңгейге жетті», – деп жазды желі қолданушысы Сафуан Жолай.

Жазба авторларының айтуынша, ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген және сот процесінен қысым көрген азамат күйзеліске түскен. Соның салдарынан ол сот ғимаратында өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.

Қазіргі уақытта ол ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алып жатыр.

Ресми түсініктеме жоқ

Оқиғаға қатысты ресми органдар әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.