Танымал режиссер Қуаныш Бейсек шаңырақ құрды

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Танымал режиссер Қуаныш Бейсек тағы да үйленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕЖИССЕРДІҢ ТАҢДАУЫ КІМГЕ ТҮСТІ?

Ол Instagram-прақшасында қалыңдығының ұзату тойынан фотолар жариялады. Суреттерге қарасақ, режиссердің таңдауы өзінің жерлесі, яғни Тараздың Ажар атты қызына түскен. Сондай-ақ желіде Қуаныш Бейсектің тойға киетін костюм-шалбар таңдап жүргені туралы да видео пайда болды. 

Еске салсақ, режиссер актриса Ғазиза-Таңшолпан Тілеубаймен 2023 жылдың сәуір айында отбасын құрған болатын. Алайда 2025 жылдың наурыз айында жұп ресми түрде ажырасатынын жариялап, ортақ шешіммен достық қарым-қатынаста қалатынын мәлімдеді.

Қуаныш Бейсек бұл туралы Instagram-да айтты. 

Біз енді бірге емеспіз. Біз жақсы дос әрі қызымыздың ата-анасы болып қаламыз, – деді режиссер. 

Олардың Гайнижамал есімді ортақ қыздары бар.

ҚУАНЫШ БЕЙСЕК

Ол 1995 жылы Тараз қаласында дүниеге келген қазақстандық режиссер, продюсер және клипмейкер. Балалық шағында тек қазақ тілінде сөйлеген. Отбасы Астанаға көшкеннен кейін ол орыс тілін өз бетінше меңгеріп, бұл үшін Гарри Поттер кітаптарын орыс тілінде оқыған.

Мектептен кейін математика факультетіне оқуға түскенімен, үш жылдан соң оның қызығушылығы шығармашылық салада екенін түсініп, фото және бейнетүсіріліммен кәсіби түрде айналыса бастады. Алғашқы табысын мектеп кезінде түрлі шараларда суретке түсіруден тапқан. Кейін телевидениеде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады.

Қуаныш Бейсековтың танымалдығы 2017 жылы құрылған «Ирина Кайратовна» шығармашылық бірлестігімен байланысты. Топ құрамындағы Илья Гуменный, Азамат Маркленов, Алдияр Жапарханов және Жасұлан Оңғаровпен бірге ол қазақстандық қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл, музыка және бейнеөнер арқылы көтерді. Бейсеков жобаның негізгі режиссерлерінің бірі болды.

Ол түсірген «5000», «Беги», Arriva сияқты музыкалық клиптер әлеуметтік және саяси астарымен ерекшеленді. Шығармаларында жемқорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әділетсіздік және қоғамдағы түрлі қайшылықтар тақырыбы қозғалады.

2021 жылы Қуаныш Бейсеков «Эскорт» сериалын түсіруге кірісті. Сондай-ақ оның алғашқы қысқаметражды фильмі – «Шоқан». Режиссер киноны қоғамды өзгертуге ықпал ететін маңызды құрал деп санайды және Қазақстанның болашағына қатысты белсенді азаматтық ұстанымымен танымал.