АҚШ Иранға соққы жасады

Ulysmedia
Фото: US Central Command/AFP

Тегеран Ормуз бұғазында АҚШ әскери тікұшағын атып түсіргеннен кейін, Пентагон қарымта ретінде Иранға соққы жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.

АҚШ СОҚҚЫСЫ

9 маусым күні АҚШ Иранға соққы жасауын қайтадан жалғастырды. Вашингтон оған Ормуз бұғазында Apache тікұшағының атып түсірілуі себеп болғанын айтты.

– Бұл операция Иранның негізсіз агрессиясына берілген қарымта жауап, – деп мәлімдеді АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

АҚШ президенті Дональд Трамп ABC News арнасына берген сұхбатында қарымта соққы жасауды қажет деп санайтынын мәлімдеді.

– Жауап өте қатаң, өте қуатты болуы керек еді, дәл қазір солай болып жатыр, – деді Трамп.

Axios басылымының жазуынша, АҚШ Иранның Ормуз бұғазы маңындағы бірнеше әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі мен радиолокациялық станцияларын атқылаған.

Иран бұқаралық ақпарат құралдары елдің оңтүстік жағалауында, Ормуз бұғазы маңында жарылыстар болғанын хабарлады. Жартылай ресми Tasnim News Agency агенттігінің мәліметінше, жарылыстар Сирик және Минаб қалаларында, сондай-ақ Кешм аралында естілген.

ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи шабуыл үшін АҚШ-қа жауап берілетінін ескертті.

– Ұрыс алаңындағы жеңілістеріне қарамастан, АҚШ біздің табандылығымызды сынап көруге шешім қабылдады. Біздің қуатты қарулы күштеріміз ешбір шабуыл мен қоқан-лоққыны жауапсыз қалдырмайды. Егер қауіпсіз болғыларыңыз келсе, аймақтан кетіңіздер», – деп жазды Арагчи X әлеуметтік желісінде.