Әл-Фарабидағы жол апаты: Кешірім алған сотталушы әр отбасына қанша теңге бергені айтылды

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Үш адамның өмірін қиған Алматының әл-Фараби даңғылында болған жол апатына байланысты дау басылар емес. Желіде сот процесінде іс бойынша күдікті деп танылған Александр Пакқа жәбірленушілердің кешірім беруі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Журналист Гүлжан Ерғалиева үш адамның өмірін қиған адамға кешірім беру түсініксіз, тіпті оғаш әрекет деп жазды. Оның сөзінше, мәселе ақшада болып отыр.

– Бұл жағдай қоғам үшін күтпеген, үйреншікті түсінікке сыймайтын, тіпті көпшілікті таңырқатқан оқиға болды. Жұртшылықтың басым бөлігі мұның астарында қаржылай өтемақы жатқанын бірден аңғарды. Бейресми мәліметтер бойынша, әр отбасыға шамамен 100 миллион теңге, 200 мың доллар көлемінде өтемақы ұсынылған деген болжам айтылуда. Заң тұрғысынан алғанда мұндай мәмілеге жол беріледі және ол тараптардың татуласуы ретінде қарастырылады. Алайда әлі отызға толмаған үш бірдей жастың өмірі қиылған жағдайда ата-аналардың осындай шешім қабылдауы көпшілікке ауыр әсер етті. Кейбіреулер мұны марқұмдардың алдындағы парызға қайшы қадам, тіпті сатқындық деп бағалап жатыр. Мұндай көзқарастың да өзіндік уәжі бар, – дейді журналист.

Гүлжан Ерғалиева бұл мәселені заң мен сот шешуі тиіс еді дейді. Ол бұл оқиға қоғам үшін қауіпті құбылыс екенін айтады.

– Көптеген мемлекеттерде осындай ауыр қылмыстар қасақана жасалған әрекет ретінде қарастырылады. Сондықтан сот кінәліге үкім шығарып қана қоймай, жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін де өзі белгілейді. Мұндай өтемақылар кей жағдайда миллиондаған доллармен есептеледі. Әсіресе, айыпталушының қаржылық мүмкіндігі жоғары болған жағдайда материалдық жауапкершілік те соған сай айқындалады. Мәселен, АҚШ-та адамның ар-намысына қол сұғу, кемсітушілік немесе нәсілдік өшпенділікке байланысты құқық бұзушылықтардың өзі қомақты айыппұлдар мен ұзақ мерзімді жазаға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ темекі және фармацевтика компанияларының тұтынушыларға келтірген зияны үшін миллиондаған доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелген жағдайлар аз болған жоқ. Сондықтан заңның өзі қылмыстың ауырлығына сай әділ жаза тағайындап, келтірілген залалдың толық өтелуін қамтамасыз етуге тиіс. Азаматтарды қайғының үстінде ақша үшін мәмілеге келуге мәжбүрлейтін жағдай болмауы керек. Тағы бір алаңдатарлық мәселе бар. Егер мұндай тәжірибе қалыпты құбылысқа айналса, онда жолда адамдардың өмірін қиып, кейін салыстырмалы түрде аз өтемақы төлеп құтылуға немесе жеңіл жаза алуға болады деген қауіпті түсінік қалыптасуы мүмкін, – дейді ол.

Контекст

Бұған дейін сотта жәбірленуші тарап жол апатына кінәлі Александр Пакқа кешірім беретіндерін мәлімдеп, оған талап-арыздары жоғын айтқан.

Александр Пактың өз кінәсін толық мойындаған. Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі «алкогольдік мас күйде жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша айып тағылып отыр.

Жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған. Оқиға салдарынан үш адам – Mercedes жүргізушісі және 20 мен 22 жастағы екі қыз қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, Пак басқарған Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат кезінде айыпталушы масаң күйде болған.