NASA айға баратын «Артемида-3» миссиясының экипаж құрамын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.
«Артемида-3» миссиясының экипаж құрамы
9 маусымда NASA Линдон Джонсон ғарыш орталығында өткен салтанатты рәсімде «Артемида-3» миссиясының экипаж құрамын жариялады. Оған сәйкес, айға америкалық астронавттар Андре Дуглас, Фрэнк Рубио, Рэнди Бресник, және италиялық астронавт Лука Пармитано аттанатын болды.
Бұған дейін Еуропа ғарыш агенттігі NASA-ның ай миссиясына қатысатын алғашқы еуропалық астронавт Германия азаматы болады деп мәлімдеген. Сол уақытта 49 жастағы ғалым, геофизик, вулканолог және астронавт Александер Герст пен 56 жастағы астронавт әрі инженер, SpaceX Crew-3 миссиясының қатысушысы Маттиас Маурердың аты аталған болатын.
Еуропа ғарыш агенттігі басшысы Йозеф Ашбахер Германияның dpa агенттігіне берген сұхбатында Лука Пармитаноны таңдауда NASA талаптары шешуші рөл атқарғанын мәлімдеді.
– Олар нақты сынақшы-ұшқышты іздеді. Ал біздің астронавтар құрамында кәсіби сынақшы-ұшқыш бір ғана адам бар — ол Лука Пармитано, — деді Ашбахер.
«Артемида-3» астронавттары айға қонбайды
Бастапқыда «Артемида-3» миссиясы аясында астронавттарды айға қондыру жоспарланған болатын. Алайда 2026 жылдың ақпанында NASA миссия жоспарына өзгеріс енгізілгенін хабарлады.
Жаңартылған жоспарға сәйкес, астронавттар жердің төменгі орбитасында қалып, SpaceX және Blue Origin әзірлеп жатқан айға қону модульдерімен түйісу (стыковка) операцияларын пысықтайды.
«Артемида-3» миссиясын ұшыру 2027 жылға жоспарланған. Ал айға адам қондыру миссиясы әзірге 2028 жылға шегерілген.
«Артемида-2» миссиясы
11 сәуірге қараған түні NASA астронавттары Рид Уайсмен, Виктор Гловер, Кристина Кук және Канада ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансен жерге оралды.
Олар Орион ғарыш кемесімен «Артемида-2» миссиясы аясында айды айналып ұшу сапарын жүзеге асырды.
Миссия барысында адамзат тарихындағы жаңа рекорд орнатылды. Астронавттар жерден 407 мың шақырым қашықтыққа дейін алыстады. Бұл көрсеткіш адамзаттың ғарышты игеру тарихындағы ең үлкен қашықтық болып саналады.