2026 жылдың басынан бері Электрондық еңбек биржасы – Enbek.kz платформасында 495,7 мың бос жұмыс орны мен 609,3 мың түйіндеме жарияланған. Тек мамыр айының өзінде жұмыс берушілер 86,7 мың вакансия орналастырса, жұмыс іздеушілер 91,6 мың түйіндеме қалдырған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Ең көп жұмыс орны қай қалада?
Ең көп маман қажет салалар қатарында білім беру көш бастап тұр – бұл бағытта 14 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ қызмет көрсету саласында – 12,5 мың, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету секторында – 8,6 мың, құрылыста – 8 мың, ауыл шаруашылығында – 7,5 мың және өңдеу өнеркәсібінде – 6,9 мың вакансия жарияланған.
Өңірлер бойынша ең көп жұмыс орны Астанада тіркелген – 8,3 мың. Одан кейін Павлодар облысы (5,5 мың), Алматы қаласы (5,2 мың), Түркістан облысы (5,1 мың) және Атырау облысы (5 мың) орналасқан.
Ең жоғары жалақы қай мамандықтарға ұсынылған?
Мамыр айындағы ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында:
тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс бастығының орынбасары – шамамен 1,45 млн теңге;
бас дәнекерлеуші – шамамен 1,24 млн теңге;
ақпараттық қауіпсіздік инженері – шамамен 1,23 млн теңге.
Жұмыс іздеушілер қанша жалақы сұрайды?
Ең қызығы, кейбір үміткерлер сұрайтын жалақы көлемі жұмыс берушілер ұсынатын сомадан әлдеқайда жоғары. Ең жоғары жалақы күткен мамандар:
кеме капитаны – шамамен 8,7 млн теңге;
басшының орынбасары – шамамен 3,7 млн теңге;
ұшқыштар – шамамен 2,8 млн теңге.
Еңбек нарығында жатар белсенді
Мамыр айында жарияланған түйіндемелердің 41%-ын 35 жасқа дейінгі азаматтар орналастырған. 35–44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28%, 45–54 жас аралығындағылар – 20%, ал 55 жастан асқандар – 11%.
Гендерлік құрам бойынша жұмыс іздеушілердің 52%-ы әйелдер, 48%-ы ер адамдар.
Сарапшылардың айтуынша, еңбек нарығында орта біліктілікті мамандарға сұраныс әлі де жоғары болып отыр. Жұмыс берушілер ұсынған вакансиялардың 43%-ы дәл осы санаттағы қызметкерлерге арналған.