Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғанға дейін Ресейдің Ұлттық әл-ауқат қорының (ҰӘҚ) өтімді активтері елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 6,5%-ын құраса, қазір бұл көрсеткіш 1,8%-ға дейін төмендеген. Мұндай қорытындыны Германиядағы Kiel Institute for the World Economy (IfW) мен Stockholm Institute of Transition Economics (SITE) сарапшылары жариялаған зерттеуде келтірді, деп хабарлайды ulysmedia.kz DW сілтеме жасап.
Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін төрт жылдан астам уақыт өткенде Ресей экономикасында құрылымдық әлсіреу белгілері анық байқала бастады. Зерттеуге сәйкес, Ресей федералдық бюджетінің тапшылығы 2026 жылдың алғашқы үш айының өзінде үкімет бір жылға жоспарлаған межеден асып кеткен. Ал мұнай мен газдан түскен кіріс биылғы бірінші тоқсанда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45%-ға қысқарған.
IfW президенті Moritz Schularick алғашқы жылдары Ресей экономикасы көпшілік күткеннен әлдеқайда төзімді болғанын айтты.
– Алайда қазір резервтер таусылды. Экономиканың негізі айтарлықтай әлсіреді, – деді ол.
Оның айтуынша, Ресейдің бюджеттік қорлары сарқылып, экономикалық өсім тоқтаған. Парсы шығанағындағы соғыс салдарынан мұнай бағасының қымбаттауы бюджетке уақытша ғана оң әсер етуі мүмкін.
Инфляция қаупі артып келеді
Зерттеуде қаржылық қиындықтар Ресейдің жалғыз мәселесі емес екені айтылған. Әскери шығындарды жабу үшін Кремль бюджеттен тыс қаржыландыруға, несиелеудің жедел өсуіне және банк жүйесі арқылы жанама қолдауға көбірек сүйеніп отыр.
Соғыс басталғалы бері Ресей кәсіпорындарының қарызы күрт өскен. Себебі банктер ресурстарды әскери қажеттіліктерге байланысты салаларға бағыттаған.
Зерттеу авторларының бірі Matthew Klein қазіргі таңда Ресей үшін негізгі мәселе қаржы емес, жұмыс күші, технология және өндірістік қуаттардың жетіспеуі екенін айтады.
– Мәскеу әлі де қосымша қаржы таба алады. Бірақ жұмыс күшінің тапшылығы мен санкциялар жағдайында шығындарды ұлғайту әскери әлеуетті арттырмай, инфляцияны күшейтуі мүмкін, – деді Кляйн.
Ресейдің Қытайға тәуелділігі артты
Зерттеу авторлары Ресейдің Қытайға тәуелділігі күшейіп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда Ресейдің сыртқы саудасының шамамен 35%-ы Қытай үлесіне тиесілі.
Қытай Ресейге азаматтық және әскери мақсаттағы маңызды тауарларды, сондай-ақ әскери өндірісте қолданылатын қосалқы бөлшектерді жеткізеді. Сарапшылардың есебінше, Батыс санкцияларына іліккен әскери маңызы бар компоненттерді Ресейдің сатып алуының 2022 жылдан бергі өсімінің шамамен төрттен үш бөлігі Қытайда өндірілген.
Зерттеу авторларының бірі Alicia Garcia-Herrero Ресейдің сауда, технология және қаржы салаларында Қытайға тәуелділігі артып жатқанын, ал Бейжің бұл қарым-қатынастың шарттарын өз қалауынша белгілей алатынын айтты.
Батыс үшін мүмкіндік
Сарапшылар Мәскеудің экономикалық тұрғыда әлсіреуі Батыс елдеріне тиімді саяси шаралар қабылдауға мүмкіндік беретінін айтады. Оның ішінде Ресейдің «көлеңкелі флотына» қарсы әрекеттер де бар.
Зерттеуде Ресейге экспортталатын тауарларға, әсіресе қытайлық жеткізушілерге бақылауды күшейту және Ресейдің экспорттық табысын қысқартуға бағытталған қосымша шаралар қабылдау ұсынылған.
* Көлеңкелі флот - Батыстың санкциялары мен мұнай эмбаргосын айналып өту үшін Ресей пайдаланып жүрген жүздеген ескі мұнай танкерлері бар. Бұл кемелер ресми түрде Еуроодақ пен G7+ құрамына кірмейтін компаниялардың меншігінде тіркелген.