Қазақстан Эфиопияның кофесі, шайы мен гүлін тарататын хабқа айналуы мүмкін

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы байланысты дамыту, сауда-саттықты арттыру, инвестиция тарту және жаңа бірлескен жобаларды талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан Африкамен байланысты кеңейткісі келеді

Тоқаев Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтастықты дамытуға бұрыннан қызығушылық танытып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстанның Аддис-Абебадағы елшілігі құрлықтағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктердің бірі болғанын еске салды.

– Сіздің еліңізге зор құрметпен қараймыз. Африкаға деген қызығушылығымыз айқын әрі орнықты сипатқа ие. Әсіресе, Эфиопияға көзқарасымыз ерекше. Елдеріңізбен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтқым келеді, – деді Президент.

Жаңа өңірлік орталық құрылуы мүмкін

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Эфиопия арасындағы сауда-саттықты ұлғайтуға мүмкіндік мол.

Тараптар бизнес пен инвестицияға қолайлы бағыттарды жан-жақты қарастыру үшін өзара делегация алмасуға келісті.

Сонымен қатар, Қазақстанда Эфиопияның шайы, кофесі мен гүлдерін өзге елдерге жеткізетін өңірлік орталық құру мәселесі сөз болды.

Эфиопия Қазақстанда елшілік ашуы мүмкін

Абий Ахмед Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, екі ел арасындағы өзара түсіністік деңгейінің жоғары екенін атап өтті.

Эфиопия премьер-министрі оның елі Қазақстанда елшілік ашу мүмкіндігін қарастыратынын да айтты.

Оның сөзінше, бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жол ашады.

Сондай-ақ, Тоқаев Абий Ахмедті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.