Шахматшы тәрбиелегісі келген: Астанадағы қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Отбасы күні қарсаңында Астанада қайғылы жағдай болды. 27 жастағы әйел көпқабатты үйдің терезесінен құлап, екі жасар бала отырған арбаның үстіне түскен. Әйел де, бала да көз жұмды. Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнына барып, мұндай жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысты.

Қайғылы оқиға

Кеше ғана осы үйдің маңында екі адам қаза тапты. Алайда қазір ізі де жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел биіктен өзі секірген, ал төменде тұрған екі жасар бала аяқ асты құрбан болды.

Әйел құлаған жердегі тас төсем жуып тазаланған. Полиция мен жедел жәрдем де әлдеқашан кеткен. Қала әдепкі тіршілігін жалғастырып жатыр. Тротуармен адамдар емін-еркін жүр. Тіпті мұнда не болғанын білмейтіндер де көп.

– Осы жерде ме? Кеше ме? Күндіз бе? – деп таңғалды зейнеткер әйел.

Ол көрші үйде тұрады. Сенбіде күні бойы үйден шықпағанымен, болған оқиға туралы естімеген.

– Әдетте бірдеңе болса, үйдің чатында жазып жатады. Бірақ бұл жағдай туралы ештеңе айтылмады. Мүмкін, басқа жерде болған шығар? – дейді ол.

Кездейсоқ құрбан

Алайда оқиға дәл осы үйде болған.

– Шынымды айтсам, алғашында не болғанын түсінбей қалдым. Бір тұйық дыбыс естілді де, артынша адамдар айқайлай бастады, – дейді оқиға болған жердің қасындағы дүкен сатушысы.

Оның айтуынша, арнайы қызмет мамандары бірнеше сағат жұмыс істеген. Бірақ ол баланың анасын көрмеген.

– Естуімше, анасы үлкен баласын шахмат үйірмесіне әкелген. Оны ішке кіргізіп жатқан кезде осы жағдай болған, – дейді ол.

Әйелдің өліміне қатысты болжам

Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде астаналықтар қазіргі көпқабатты үйлердің қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтере бастады.

Биік үйлердің зәулім екені сонша, жерден он қабаттан жоғарыда не болып жатқанын көру мүмкін емес. Ал жоғарыдан бірдеңе құлаған жағдайда тротуардағы адамды ештеңе қорғай алмайды. Ғимараттардың сыртында кондиционерлер де ілініп тұр. Олардың бірі құлап кетсе не болады деген сауалдар да айтылды.

Үй тұрғындарының өздері болған жағдайды қайғылы кездейсоқтық деп бағалайды.

– Біздің үй өте жақсы. Мұнда бала көп, оларға барлық жағдай жасалған: аула жабық, балалар алаңы бар, – дейді тұрғындардың бірі.

Расында да, аула қауіпсіз көрінеді. Ішке тек тұрғындардың рұқсатымен қақпа арқылы кіруге болады. Көлік кіретін жабық аумақта балалардың велосипедтері жатыр. Бұл жерде басты орын балаларға берілгендей әсер қалдырады.

Ересектер көлігін үйдің бойындағы шағын тұрақтарға немесе паркингке қояды.

Дегенмен бұл үйдің де өз мәселесі бар. Соның бірі – пәтерді уақытша жалдап тұратын адамның көптігі.

– Терезеден құлаған қызды танымаймын. Ол пәтер жалдап тұрған дейді. Жүкті болған екен, жігітіне айтқаннан кейін екеуі ұрысып қалған деген әңгіме бар. Содан кейін осындай жағдайға барған дейді. Тіпті біреулер пәтерді бір түнге ғана жалдаған деп жазды. Нақтысын білмеймін, өзім көрген жоқпын. Жалпы біздің үйде жалға берілетін пәтер көп. Ал жалға тұратындар көршілермен көп араласа бермейді, – дейді әйел.

Ол қайғылы сәтті өзі көрмеген, болған жағдайды көршілерінен естіген.

– Ең ауыры – кішкентай баланың қаза болғаны. Оның бұл жағдайға еш қатысы жоқ еді, кездейсоқ сол жерде болған. Ата-анасына обал.  Анасының да жағдайы нашарлап, жедел жәрдем көмегі қажет болған, – дейді ол көршілерінен естігенін жеткізіп.

Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды.